Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

«Сериалдағыдай емес»: Корея халқы қазақстандық студентті таңырқатты

Опубликовано:

Назарбаев университетінде оқитын Дана Ғабитова жақында Оңтүстік Кореядағы бес апталық курсқа жолдама алды. Ол - Орталық Азия жастарына арналған курсқа қатысу мүмкіндігін иеленген санаулы студенттердің бірі. Ағылшын және корей тілдерінде еркін сөйлейтін Дана KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, таңғы жұпар еліндегі біз білмейтін басты ерекшеліктерді атап өтті.

«Сериалдағыдай емес»: Корея халқы қазақстандық студентті таңырқатты
Дана Ғабитова. Фото: жеке мұрағаттан: Original
«Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы арнайы курсқа жолдама алдым. «GKS for Central Asian Undergraduate Students» бағдарламасы бойынша біліктілігімді арттырудамын.

Оңтүстік Корея білім министрлігінің Орталық Азия елдеріндегі студенттерге арналған бағдарламасы биыл алғаш рет жүзеге асып отыр.

Курста біз халықаралық менеджмент, бизнес, сауда және Корея туралы мәліметтермен танысып жатырмыз. Мұнда корей тілін жетілдіруге де мүмкіндік жоғары», - дейді Дана.
«Сериалдағыдай емес»: Корея халқы қазақстандық студентті таңырқатты
Дана Ғабитова. Фото: жеке мұрағаттан: Original

Қазақстандық студенттің айтуынша, оның корей тіліне қызығуына кәріс сериалдары себеп болған.

«Барлығы сол сериалдан басталды. Мектеп оқып жүргенде отандық телеарналар кәріс телехикаяларын көптеп көрсете бастады.

Тіл үйрену қабілетім жақсы болғандықтан, аздап корей тіліне де мән бере бастадым.

Сериал арқылы Оңтүстік Кореяға қызығушылығым оянған соң, осы елді зерттей бастадым.

Бірақ мұнда келген соң бәрі сериалдағыдай еместігін байқадым», - дейді ол.

Дананы кореялықтардың күнделікті мәдениеті аздап таңырқатқан.

«Кәріс сериалдарында кішіпейілділік, үлкенді сыйлау ұғымы көп насихатталады. Бірақ мұнда бәрі біз ойлағандай емес. Қарапайым ғана мысал айтайын.

Сеулдегі қоғамдық көлікте жастар үлкендерге орын бермейді. Бұл тұрғыда олар еуропалықтарға ұқсайды. Автобуста жасы үлкен адамға орын берсең, әлгі кісі балаша қуанады.

Кейбіреулер сенің орын бергеніңе таңырқап қараса, енді бірі қанша жерден кішіпейлдік танытсаң да, сенің орныңа отырмайды», - дейді қазақстандық студент.
«Сериалдағыдай емес»: Корея халқы қазақстандық студентті таңырқатты
Дана Ғабитова. Фото: жеке мұрағаттан: Original

Сондай-ақ, Дананың айтуынша, корейлердің жолда жүру ережесі айтарлықтай жақсы емес екен.

«Мені тағы бір таңырқатқан жайт – Оңтүстік Кореядағы жолда жүру ережесінің тым бостығы. Ол жақта жолмен келе жатқан көлік немесе мотоцикл адамдар жүретін тратуарға өтіп кете береді.

Оның үстіне, бұл жақта басты көшелердегі жолдан бөлек, тар әрі жіңішке жолдар көп. Сол жолда адам да, көлік те жүре береді және жүргізушілер мүлде дабыл қақпайды.

Айтпақшы, көшеде біреудің аяғын басып, иығын қағып кету кореялықтар үшін қалыпты жағдай. Бұл үшін кешірім сұрамайды», - дейді ол.

Дана Оңтүстік Корея халқының қартайып бара жатқанын да жасырмады.

«Мұнда 65 жастан асқан қариялар көп. Яғни, Корея қартайып бара жатқан елдер қатарына қосылды. Соған қарамастан, көшеде спортпен шұғылданатын қарт кісілерді көп кездестірдім. Біздегідей емес, мұндағы қариялар спорттық киім мен кроссовки киіп, саябақтарда жүгіріп жүреді», - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1809858-serialdagydaj-emes-korea-halky-kazakstandyk-studentti-tayrkatty/

pixel