Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Нұр-Сұлтандық жас жігіт балаларға домбырада ойнауды тегін үйретуде

Опубликовано:

Қазақтың қара домбырасын қолына ұстап, күй шерткісі келетін жастардың қатары жылдан жылға артып келеді. Алайда музыкалық үйірмелерде дәріс алуға кез-келгеннің жағдайы келе бермейді.

Нұр-Сұлтандық жас жігіт балаларға домбырада ойнауды тегін үйретуде
Фото Абай Рахметтін жеке мұрағатынан: Facebook

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» деп санайтын жас кәсіпкер Абай Рахмет Zhas Project атты Жастар корпусын дамыту жобасынан ұтып алған бір миллион теңгеге «Домбыра Study» деп аталатын тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан балаларға тегін домбыра үйрету курсын ашты.

Нұр-Сұлтандық жас жігіт балаларға домбырада ойнауды тегін үйретуде
Фото Абай Рахметтін жеке мұрағатынан: Facebook

28 жасар Абай домбыраны алғаш рет бірінші сыныпқа барғанда қолына алған. Уақыт өте келе жас жігіттің домбыраға деген қызығушылығы артып, қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабында ойнауды басқаларға үйретуге деген құлшынысы пайда болды. Сол ойын жүзеге асыруға Абайға Zhas Project жобасы көмектесті. Абай жобаға қатысу шарттарымен танысып, егжей-тегжейлі сұрастырып, топ құрып, өз өтінімін тапсырды.

- Абай, Сіз Zhas Project туралы қайдан естіп, білдіңіз?

Сыныптастарыммен кездесу кешіне барғанымда, достарымның бірі осы Жоба туралы әңгіме қозғады. Мен бірден қызығушылық танытып, ол туралы толығырақ сұрай бастадым. Сөйтіп, өзімнің жобамды жүзеге асырып, Zhas Project-ке қатысу үшін қажетті құжаттар жинауға кірістім. Көп кешікпестен «Домбыра Study» жобасын құрдым.

- Жобаңызды Сіз өзіңіз ғана жүзеге асырып жатырсыз ба, жоқ әлде көмекшілеріңіз бар ма?

Менің тобымда тағы екі адам бар. Біреуі топтарды құру, балаларды қабылдаумен айналысады. Ал екінші құрбым жобамызды әлеуметтік желілерде жарнамалау және қаржылық жағын қадағалайды. Мен топтағы балаларға дәріс беремін. Біздің жоба өз жұмысын шілде айынан бастады. Zhas Project-тен ұтып алған 1 миллион теңгеге дәріс беретін орынды жалдап, аспаптар, қажетті жабдықтар мен жиһаз алдық. Әзірге 7 баладан құралған екі тобымыз бар. Оларға аптасына 1,5 сағаттан екі рет сабақ беремін.

- Алдағы жарты жылда қандай жоспарларыңыз бар?

Әзірге топтарды жинақтаудамыз. Ниет білдірушілер қатары толып жатса, қосымша топ құруға дайынбыз. Жоба аясында дәрістеріміз тегін өтеді. Келешекте үйірмеге қатысушыларға сабақты ақылы өткізетін боламыз деп жоспарладық. Ал егер ақылы түрде сабақ алуға ешкім келіспей жатса, сатып алған аспаптарымызды жетімдер үйіне тапсырып, сол мекемелердегі балаларды үйрертпекпіз. Дегенмен, қазақтың қара домбырасына деген қызығушылық ешуақытта өшпейді дегенге сенеміз. Шынымды айтсам, қазіргі таңда дарынды, өнерлі балалар жетіп артылады. Солардың жүрегінде осы бір ерекше ұлттық аспабымызға деген махаббатты оятқым келеді.

Жастар корпусын дамыту жобасы жөніндегі ақпаратпен толығырақ Zhas Project сілтемесі бойынша таныса аласыздар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1813137-nr-sltandyk-zas-zigit-balalarga-dombyrada-ojnaudy-tegin-jretude/

pixel