Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбедегі ажал жолы: Машақатқа түскен тұрғындар билікке шағымданды (фото)

Опубликовано:

Ақтөбеде бір ауылдың тұрғындары ажалмен алысып отыр. Жергілікті билікке сөзін тыңдата алмаған тұрғындар журналистерден араша сұрайды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

№39 разъезд аталатын Қызғалдақты елді мекеннің халқы ауыл іргесіндегі трассаға асфальт төселгелі бері ажалмен алысып келеді.

Жергілікті билік 50 түтіні бар ауыл іргесіндегі аялдаманы алып, жолды бір метрлік темірмен қоршап тастаған. Трассадағы автобусқа жүгірген ауыл тұрғындары жандарын шүберекке түйіп, бір метрлік биік темірден секіреді.

"Бұл жерге асфальт төселмей тұрғанда осы тұста аялдама болатын. Жол салынғаннан кейін шеті темірмен қоршалып, аялдама алынып тасталды. Осыдан кейін жағдайымыз қиындап кетті. Машиналар да қатты жүреді. Автобус түскенде кез келген жерге тастап кетеді. Мінерде автобусты тоқтата алмай қиналамыз. Сол себепті біз жергілікті биліктен аялдама мен жүргіншілер жолағын салып беруді талап етеміз",-деді тұрғын Асқар Тойбазаров.

Ауданға келетін жалғыз №47 автобусқа қалай жүгіретіндерін айтқандар аялдама сұрайды.

"Аялдама керек. Біздің ауданда аялдама жоқ. Балаларды қосымша сабаққа тасыған кезде еңбектеп кетеміз. Жүргіншілер жолы керек. Осы жерде талай адамды табытқа салдық. Қаншама туысым осы жерде ажал құшты.
Алты ай болған немере келініміз, күйеу балам, жездем жолдан өте алмай машинаның астында қалды. Олардың бейіттері де осы жерде тұр. Осы мәселені көтеріп, жергілікті биліктен бірнеше рет көмек сұрадық. Біздің жанайқайымызды ешкім құлағына қыстырып жатқан жоқ. Енді қанша адам өлу керек?",-деді тұрғын Мырзагүл Ертезерова.

Сексенге келген қариялар жолды қоршаған темірден еңбектеп өтетіндерін айтты.

"Жастар жол қоршауынан секіріп өтеді. Сексенге келген мен еңбектеп жатып, сырғып өтемін. Бір күні машина аяғымды басып кететін шығар. Жол бойына келген сайын жанымызды шүберекке түйіп тұрамыз",- дейді тұрғын Мағрупа Хайруллина.

Жергілікті билік бұл жайдаймен таныс екенін жеткізді. Бірақ қашан шешілетінін нақты айта алмады.

"Осы мәселеге қатысты тұрғындардан бізге арыздар болған. Қазір қаржы мәселесіне қатысты аялдама орналастыру, жүргіншілер жолын салу жұмыстары күтіліп отыр. Жобалық сметалық құжаттар жасалынады",-деді Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Жақсылықұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1823517-aktbedegi-azal-zoly-masakatka-tsken-trgyndar-bilikke-sagymdandy-foto/

pixel