Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Абай Құнанбаев" деп айту қате": Белгілі ғалым ұлы ақынға қатысты мәлімдеме жасады

Жарияланған күні:

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Алаш мәдениеті және рухани даму институтының ғылыми қызметкері, абайтанушы, ғалым Омар Жәлелұлы қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі дұрыс айтылмай жүргенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап хабарлайды.

Омар Жәлелұлы. Фото: kstu.kz
Омар Жәлелұлы. Фото: kstu.kz: Depositphotos

21 қарашада қазақ ұлттық хореография академиясында ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған "Абай мұрасы – әлемдік мәдениет қазынасы" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткен.

Жиында Абай тұлғасының әлемдік мәдениеттегі орны мен рөлі, тұлғаның мәдениет пен білімнің дамуына қосқан үлесі туралы сөз болған.

Сонымен қатар конференцияда ғалым Омар Жәлелұлы ұлы ақынның аты-жөні дұрыс аталмай жүргенін атап өткен. Оның сөзінше, "Абай Құнанбаев" деп айту қате.

"Мәдениет атаудан басталады. Көп адам "Абай Құнанбаев" деп айтып, жазып жүр. Оған ешкімді кінәләудің қажеті жоқ. Бірақ біз бір нәрсені ескеруіміз керек. "Абай Құнанбаев" деп айту қате. Олай айтуға болмайды. Өйткені, Абайдың азан шақырып қойған шын есімі – Ибраһим Құнанбайұлы. Ал Абай лақап аты, оны псевдоним дейді", - деді абайтанушы.

Осы орайда Омар Жәлелұлы сөзіне дәлел келтірген.

"Мысалы, орыс жазушысы Максим Горькийді алайық. Оның шын есімі – Алексей Пешков. Біз Алексей Пешков Максим Горький деп айтпаймыз. Француз халқының ұлы жазушысы Стендаль бар. Оның шын есімі – Мари-Анри Бейль. Біз Мари-Анри Бейль Стендаль деп қолданбаймыз. Сондықтан тек "Абай" деп айту керек", - деді ғалым.

Сондай-ақ Омар Жәлелұлы мектеп оқулықтарында қазақтың ұлы ақынының есімі дұрыс жазылмай жүргенін де айта кетті.

"Әлемде қалыптасқан заңдылық бар. Псевдоним мен шын есім араластырылып айтылмайды. "Абай" деп айтсақ жеткілікті. Өйткені Абай тағдырлы есімге айналды. Оның атын айтсақ, барлығы түсінікті болады. Егер сауатты түрде айтқыңыз келсе, Ибраһим Құнанбайұлы болады. Ол (мектеп оқулықтарындағы ақын есімі – Sputnik) – қате. Мұхтар Әуезов "Абай жолы" кітабын шығарған кезде онда Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы деп жазған. Негізінен біз ойланбаймыз, кейбір жағдайға мән бермейміз. Ешқандай ел шын ат пен лақап атты қатар қолданбайды. Біз ғана солай істеп жүрміз", - деп түйіндеді сөзін ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1828422-abaj-knanbaev-dep-ajtu-kate-belgili-galym-ly-akynga-katysty-mlimdeme-zasady/