Мешіт маңында күн суықта қайыр тілейтін әжей бұл жолға қалай келгенін айтып берді
Жарияланған күні:
Бүгінде мешіт, базар маңын жайлаған қайыршылардың арасынан бала құшақтаған келіншекті, орта жастағы әйелді тіпті қарияларды да кезіктіруге болады. Солардың бірі мешіт маңында өткен-кеткеннен садақа сұрайтын әжей. Қарт кісі бұлай қайыр тілеуіне не себеп болғанын жасырмай айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Замана басылымына сілтеме жасап.

Жасы 70-ке таяған әжей мешіт маңына күндізгі уақытта келіп, үш-төрт сағат отырып кетеді екен. Тапқан нәпақасының күнделікті нанпұлға жарап тұрғанын айтады.
"Жасым – 69-да. Төрт қыз, бір ұлым бар. Үлкен қызым жолдасымен айырылысып кетті. Қалған қыздарымның да күйеулері оңып тұрған жоқ, жарытып жұмыс істемейді. Кенже ұлыммен бірге тұрамын. Ол әзірге үйленген жоқ.
Осыдан біраз уақыт бұрын несие алғанбыз. Үйіміз банкте "залогта" тұр. Небәрі 60 мың теңге зейнетақым ешнәрсеге жетер емес. Онымен сол несиені, коммуналдық қызмет ақысын төлейміз.
Бұл жерден тапқаным ас-суымыздан артылмайды. Қазір барлығы қымбат. Киімді мүлде сатып алмаймыз. Құдайына қараған адамдар киілген киімдерін осында әкеліп беріп жатады. Міне, осындайларды місе тұтамыз", – деп сөзін бастады қария.
"Ұл-қыздарыңыз сіздің осылай отырғаныңызға қалай қарайды? Қарсылық танытпай ма?" – деген сауалға әжей:
"Олардың өздері де күндерін әрең көріп жүрген жандар ғой" – деп қысқа қайырған.
Қайыр сұрап жүргенінен үш жылдай болған қарт кісінің жаз күндерінде бұл араға келмейтінін жеткізді.
"Ыстық ауа райы көзіме жайсыз тиеді. Ал басқа уақытта күз-қыс демеймін. Қарда да, жаңбырда да осындамын. Қайтейін енді, басқа амалым жоқ қой", - деп сөзін түйіндеді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1829213-mesit-maynda-kajyr-tilejtin-karia-bl-zolga-kalaj-kelgenin-ajtyp-berdi/