"Қалдырып кетеді": Елорда маңындағы ауылда оқушылар мектепке жаяу қатынап жүр (видео)
Жарияланған күні:
Нұр-Cұлтан іргесіндегі Жібек жолы ауылының балалары мектепке қатынайтын көліктен таршылық көріп отыр. Оқушылардың көптігінен 26 орындық транспортқа 50-60 адам мінгесіп баруға мәжбүр екен. Тіпті, аязды күндері де бүлдіршіндер 4-5 шақырымдағы білім ошағына жаяу барады. Ата-аналар болса "перзентіміз сабаққа барып келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз" дейді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жібек жолы ауылындағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мектепте 1200 бала білім алады. Оқушылардың жартысына жуығы арнайы автобустармен қатынайды.
Елдімекенде 30 мыңға жуық халық тұрады екен. Аумағы үлкен, саяжайлар көп болғандықтан білім ошағына балалар жаяу бара алмайды.
Ал оларға бар-жоғы екі-ақ автобус қызмет көрсетеді. Оның өзі бір күн жүрсе, екінші күні тоқтап қалатын көрінеді. Сол себепті, балалар сабақтан қалып қояды екен.
"Сыймаймыз біз. Сосын бізді қалдырып кетеді. Сосын көбіне автобус өтіп кетеді. Уақытына қарамай", "Келмегенде жаяу барамыз. Бірінші шағын ауданда тұрамыз", "Автобуста қысыламыз. Әрең дегенде сиямыз. Барлығы қысылып, кіп-кішкентай автобусқа мінеміз", - дейді оқушылар.
Білім мекемесінің басшысы бұл проблеманы шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқандарын айтады.
Биыл жыл соңына дейін бір ғана автобус алу жоспарларында бар екен. Одан артығына ақша жоқ екен. Себебі, осы жылға бекітілген қаржыға мектепке жаңа жылу жүйесі мен ғимараттың шатыры жөнделіпті.
"Бұл проблемалардың барлығы бүгін ғана туындаған проблема емес. Қанша жылдардан бері келе жатыр. Бұл 2019 жылдың қаңтар айынан бастап жоспарға қойылған.
Аудандық әкімшіліктің, Білім бөлімінің жоспарында тұрған мәселелер барлығы да. Мектепте, 1016 бала оқиды, соның 410 оқушысы тасымалданады. Ауылдық әкімдіктің әкімінің бекіткен кестесі бойынша, екі автобус тасымалда бар", - дейді мектеп директоры Ақнұр Тұркістанбаева.
Ал, Аршалы аудандық білім бөліміндегілер болса, мектептерде қиындықтар барын жасырмайды. Аймақтағы 7 ауылдық білім мекемелеріне 11 автобус қызмет көрсетеді екен.
Ауылдың мектептеріне жауапты білім бөліміндегілер алдағы уақытта елдімекендерге қызмет көрсететін автобустарды жаңалауға ниеттіміз дейді.
Бірақ, ол жоспар қашан нақты жүзеге асатыны белгісіз. Түйткілді мәселе өз шешімін тапқанша оқушыларға осындай қиындықпен сабаққа қатынағаннан басқа амал жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1832205-elorda-mayndagy-auylda-okusylar-4-5-sakyrymdagy-mektepke-zaau-katynap-zr-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.