Шымкенттік бойжеткен осыдан сегіз жыл бұрын жоғалған туған ағасына іздеу салды

Опубликовано:

Түркістан облысы Кентау қаласының тұрғыны Балнұр Бағдәулет осыдан сегіз жыл бұрын жоғалып кеткен туған ағасына іздеу салады. Балнұрдың ағасы Жамантықов Бағланбек Бағдәулетұлы Алматыдағы жұмысынан Шымкентке келе жатқан бетте хабарсыз кеткен деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бағланбек Жамантықов. Фото отбасылық мұрағаттан
Бағланбек Жамантықов. Фото отбасылық мұрағаттан: Depositphotos

Ата-анасы мен туыстары Бағланбекті осы күнге дейін іздестіріп келеді. Әзірге, іздеу жұмыстарынан еш нәтиже жоқ.

"Ағам жоғалып кеткенде мен әлі кішкентай бала едім. 2011 жылы Алматыдан Шымкентке қайтып келе жатқанын айтып, мамыр айының ортасында соңғы рет хабарласты. Содан бері ағамнан мүлде хабар жоқ. Не тірі, не өлі екенін білмейміз. Тіпті, қолымызда дұрыс суреті де қалмапты. Жоғалған кезде ағамның үстінде қандай киім болғанын да білмейміз. Өйткені, ол Алматыда жұмыста болатын.
Үйге қайтып келе жатқанын айтып, соңғы рет хабарласты. Алғашында біз оны достарымен немесе басқа да шаруаларымен жүр екен деп ойлап, аса көп мән бермедік. Бірақ оның мүлде байланыссыз қалғанына екі ай толғанда шынымен уайым басты", - дейді Балнұр.

Бүгінде Бағланбек Жамантықов қатысты іздеу жұмыстарын полиция тоқтатқан. Ал жақындары хабар-ошарсыз кеткен Бағланбекті аман оралады деп үміттеніп отыр. Әсіресе, туған анасы ұлынан бір хабар болады деген сенімде.

"Анам ұлы аман оралар деген үмітпен сарыла күтіп жүр. Ағамды соңғы рет көргендер оны қара киімді, арнайы жасақ қызметкерлері секілді киінгендер қолын қайырып алып кеткенін айтады. Бүгінге дейін бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Полициядан қайран болмаған соң, балшыларды да жағалап көрдік. Бәрі оның тірі екенін, бір жерде құлдықта отыруы мүмкін екенін айтады. Балгерлердің барлығы да Бағланбектің қиналып жүргенін жеткізді. "Бармысың, бауырым" бағдарламасына да хат жазып, іздеу салдық. Нәтиже жоқ", - дейді Бағланбектің қарындасы.

Балнұр жақында "Астарлы ақиқат" бағдарламасында 22 жылдан кейін табылған азамат туралы шығарылымды көреді. Сол көрсетілімнен соң оның ағасымен, анасының ұлымен кездессем деген үміті қайта жанған.

"Адамдар 22 жыл бұрын көз жазып қалған жақындарын да тауып жатыр ғой?! Біздің де үмітіміз өшкен жоқ. Ағамды расында қинап ұстап отырған шығар? Шынымен де, бір жерде құлдықта қалды ма? Кім біледі? Біз әр жыл сайын ол оралатын шығар деген үмітімізді жоғалтпаймыз. Егер ағамды көргендер болса, бізге хабарласуын өтінеміз. Ал егер осы мақаланы ағам оқитын болса, бізге хабарласады деп үміттенеміз!", - дейді Балнұр.

Егер Жамантықов Бағланбек Бақдәулетұлын көргендер болса, +7 747 713 86 20 нөмеріне хабарласуын сұраймыз.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жоғалып кеткен студент қыздың аман-есен табылғанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1832900-symkenttik-bojzetken-osydan-segiz-zyl-bryn-zogalgan-tugan-agasyna-izdeu-saldy/