Қызылордада "Жастар жылы" қорытындыланды
Жарияланған күні:
Кеше Қызылордалықтар үшін «Жастар жылының» басты тартуы саналатын Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан «Жастар орталығының» ғимаратында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Жастар балы» өтті.
Бұл шара, қала жастарының «Жастар жылының» қорытынды шарасы ретінде ұйымдастырылған.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан қала әкімі Н.Нәлібаев «Жастар балында» барша жастарды әлем халықтарының ортақ қуанышына айналған - Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жыл көлеміндегі айтулы жетістіктеріне тоқталып өтті.
Ең бастысы, 2019 жылдың қорытындысымен Сыр елінің абыройын сан түрлі саладағы зор жетістіктерімен асқақтатып, бүгінде өңірдің дамуына жастық жігері мен күш-қайратын аямай еңбек етіп жүрген жалынды жастарға арналған қала әкімінің дәстүрлі «Самғау» сыйлығы табысталды.
Қала жастарына арналған бұл сыйлық биыл 8-ші жыл үзіліссіз ұйымдастырылып келеді.
Биылғы жылы, «Самғау» сыйлығы иегері атануға ниетті 39 үміткерден құжаттар қабылданып, арнайы комиссияның қорытындысымен іріктелген 10 жалынды жасқа қала әкімінің «Самғау» сыйлығы және 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы табысталса, әр салада жетістіктерімен көзге түскен 12 жас арнайы номинациялар мен алғыс хаттармен марапатталды.
Өңір жастары үшін тағы бір жағымды жаңалық «Жастар жылына» тарту және шығармашылық пен руханияттың көшін жалғап келе жатқан жастарға деген аға буынның алғысы мен шынайы ризашылығы ретінде «Жастар жырлайды» атты жыр жинағының тұсауы кесілді.
Мың дана болып басылған бұл жинаққа қаладағы 20 жас ақынның ең таңдаулы деген өлеңдері енген.
Айта кету керек, Елбасы Жарлығымен жарияланған «ЖАСТАР ЖЫЛЫ» аясында Қызылорда қаласында айтулы жобалар жүзеге асырылды.
Мәселен, Өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын дамыту мақсатында 2018 жылы 18,4 млн. теңге бөлінсе, 2019 жылы 36 млн. теңге қаржы қаралып, 12 әлеуметтік жоба жүзеге асырылған.
Солардың ең негізгісі, жастардың ғылымға деген ынтасын арттыру мақсатында жыл сайын дәстүрге айналған «Асқар Жұмаділдаев» атындағы жас математиктер байқауы биылғы жылы 100 үміткердің қатысуымен ХАЛЫҚАРАЛЫҚ деңгейде ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, еліміздің әр аймағынан арнайы келген танымал өнер командаларының қатысуымен 15 мың адамды қамтыған «Ашық аспан астындағы» Көңілді тапқырлар алаңының республикалық фестивалі ұйымдастырылды.
Қызылорда қаласында жастардың шығармашылығын дамытумен қатар, әлеуметтік әлеуетін арттыру, жас отбасыларды баспанамен қамту мәселесі қарқынды жүргізіліп келеді.
Атап айтқанда 2016-2018 жылдар аралығында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қызылордалық 841 жас отбасы баспанаға ие болса, биылғы бір жылдың өзінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы 130 жас отбасы баспаналы болды.
Жыл басынан бері 3 мың 235 жас тұрақты жұмыспен қамтылды.
Қызылорда қаласы бойынша 3 мың 146 жас кәсіпкерлер тіркеліп, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға артты.
Қала бойынша 171 ойын-спорт алаңдары салынып, қалалық жастар ресурстық орталығы тұрақты ғимаратқа орналасқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1833733-kyzylordada-zastar-zyly-korytyndylandy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.