Қазақстандағы медициналық сақтандыруға қатысты тұрғындар пікірі қандай

Опубликовано:

Медициналық сақтандыру іске қосылғалы астаналық дәрігерлерде дамыл жоқ, ақ халаттылардың күнделікті жұмысы еселенді деуге болады. Өйткені тұрғындардың сақтандыру аясында ақысыз көрсетілетін медициналық қызметке деген қызығушылығы жоғары.

Қазақстандағы медициналық сақтандыру: пациент пікірі
Фото предоставлено поликлиникой №7: Facebook

Жұрт, әсіресе, құны ондаған мың теңге тұратын КТ, МРТ сынды қымбат диагностикалық зерттеулерден өтіп, түрлі анализдерді тапсыруда. Алайда, аталған медициналық қызметтерді алудың өз ережесі бар. Сонымен, пациент МӘМС бойынша емделу үшін қайда барып, кімнен көмек сұрауы керек? Біз Нұр-Сұлтандағы №7 емханаға барып, пациенттің бағыт-бағдарымен таныстық.

Негізі, медициналық сақтандыру бойынша ем-дом консультациялық-диагностикалық көмектен басталады, ал бұл қызметің кілті емхананың тіркеу бөлімінде. Мәселен, сізге невропатологтың кеңесі қажет дейік. Медициналық сақтандыру аясында науқас бейінді маманға өз бетінше жазыла алмайды. Ол үшін алдымен емхананың тіркеу бөліміне келіп немесе ұялы телефон қосымшасы арқылы үйде отырып-ақ онлайн түрде учаскелік дәрігерге жазылады.

Қазақстандағы медициналық сақтандыру: пациент пікірі
Фото предоставлено поликлиникой №7: Facebook
«№7 емханада учаскелік дәрігерге жазылу үшін 2-3 күн кезек күтесіз, өйткені медициналық сақтандыру іске қосылғалы бізге келушілер қатары артты. Бірінші, науқастың емханаға тіркелгенін және сақтандыру бойынша мәртебесін анықтаймыз. Алайда, 1 сәуірге дейін сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қарамастан азаматтың барлығына қызмет көрсетілуде», - дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №7 емхананың тіркеу бөлімінің қызметкері.

Яғни, сіз 2-3 күнен кейін терапевтпен жүздесесіз. Бос уақытты пайдаланып, дәрігерге дейінгі тексеруден өтуіңізге болады. Себебі кез келген сақтандырылған азамт осы кабинеттен өткен соң ғана оны учаскелік дәрігер қабылдайды.

«Дәрігерге дейінгі кабинетте пациенттің қан қысымын, бойын, салмағын тексереміз, кардиограмма жасаймыз, скрининг қажет пе, соны анықтаймыз және әйелдің жасы 18, 45 немесе 70 болса да гинекологқа жіберіп, онкологиялық ауруларға қарсы анализ аламыз. Дәрігерге дейінгі кабинет не үшін керек? Мұнда аурулардың алғашқы белгілерін байқауға болады», - дейді медбике.

Әйелдер әріқарай тексеру кабинетіне келеді, біз есік алдынан пациент Сәуле Шагированы кездестірдік.

«Эндокринологқа көрінуім керек, гормондарға анализ тапсырамын, УЗИ-ге түсемін. Бұған дейін ақылы өтіп келдім. Ал медициналық сақтандырудың арқасында бәрі тегін деп жатыр, көреміз енді. Алдымен дәрігерге дейінгі тексеруден өтіңіз деді. Міне, әйелдерді қарайтын кабинетке жеттім. Осыдан кейін учаскелік дәрігерге барамын», - дейді астана тұрғыны Сәуле Шагирова.

Бұл дәрігерге дейінгі соңғы кабинет болатын. Енді сізді терапевт қабылдайды. Ал дәрігерге дейінгі кабинетте анықталған мәліметтер автоматты түрде терапевтің алдындағы компьютерге түседі, ол қорытынды жазғанда, диагноз қойғанда қажет болады. Жалпы учаскелік дәрігер не істейді?

Қазақстандағы медициналық сақтандыру: пациент пікірі
Фото предоставлено поликлиникой №7: Facebook

«Пациентті мұқият тыңдаймын, науқас не мазалайтынын толық айтып береді. Барлық мәліметті жинақтап, алдын ала диагноз қоямын да, бейінді маманға жолдама жазып беремін. Сізге қажет бейінді маман осы емханада болмаса, онда бізбен келісім бойынша жұмыс істейтін басқа медициналық мекемелерге жібереміз» , - дейді №7 емхананың терапевті Айзада Қайырбекова.

Сонымен, терапевт невропатологқа жолдама берді. Астанадағы №7 емханада үш невропатолог жұмыс істейді, оған бөлек жазыласыз. Сізге қандай диагностикалық зерттеулер мен анализ тапсыру керектігін невропатолог айтады.

«Емханада кардиолог, невропатолог, гастроэнтеролог, инфекционист, эндокринолог, пульмонолог сынды бейінді мамандар бар. Бізде эндокринологқа кезек ұзақ, өйткені эндокриндік жүйесі бұзылған адамдар өте көп, олар тоқсан сайын тексеруден өтіп тұрады. Сондықтан осы маманға екі апта бұрын жазылу керек», - дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №7 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Жанар Бекбосынова.

Айта кету керек, учаскелік дәрігер бейінді маманға ғана емес, егер негіз болса МРТ, КТ, УЗИ де жолдама бере алады. Азаматтар қымбат зерттеулерден емханамен келісм-шарт жасасқан өзге медициналық ұйымдарда өтеді.

Қазақстандағы медициналық сақтандыру: пациент пікірі
Фото предоставлено поликлиникой №7: Facebook
«Барлық анализ ақысыз, оның толық тізбесін Медициналық сақтандыру қорының сайтынан қарауға болады немесе терапевтен сұраңыз. Мысалы, гепатит Б, гепатит С арналған анализ тегін, гормондарға келсек, қалқанша безіне тапсыратын гормондар ақысыз, сол сияқты қымбат анализдердің барлығы медициналық сақтандыру пакетіне кіреді», - дейді №7 емханадағы пациенттерді қолдау қызметі және ішкі аудит орталығының жетекшісі Айнұр Қасенова.

МӘМС аясында еліміздегі емханаларда медициналық оңалту орталықтары ашылғанын да айта кетейік. Қазір №7 емханада 10 адам инсульт, инфаркт, түрлі жарақаттан кейін үшінші кезеңдегі оңалту емін алуда. Бұған дейін емханаларда оңалту орталықтары болмаған.

«Маған «остеохондроз» деген диагноз қойды. Физиотерапия қабылдап, массаж алып жатырмын, тіпті, міне, дәрі-дәрмекті де тегін салып беруде. Бұдан артық не керек? Осы күнге дейін ақылы болды ғой деп, мұның бірін де алмайтынмын, қазір қандай мүмкіндік бар, соның бәрін пайдаланудамын» , - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Тоғжан Оспан.
Қазақстандағы медициналық сақтандыру: пациент пікірі
Фото предоставлено поликлиникой №7: Facebook

МӘМС іске қосылғалы №7 емханаға келушілердің де қатары артқан. Егер былтыр жыл басында тіркелгендер саны 81 270 болса, жыл соңында 85 740 адамға жетіпті.

Айта кету керек, әрбір медициналық ұйымда пациенттерді қолдау қызметі және ішкі аудит жұмыс істейді, олардың негізгі міндеті пациенттердің өтініші негізінде проблемалық және даулы мәселелерді шешу. Егер сіз көрсетілген медициналық қызметтің сапасына қанағаттанбасаңыз, медициналық қызметкер дөрекілік танытса, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер үшін ақша бопсаласа немесе басқа да проблемалық мәселелерге тап болсаңыз, кері байланыс үшін телефон нөміріңізді қалдырып, жазбаша шағымдануға құқылысыз. Пациенттерді қолдау қызметі туралы толық ақпаратты емхана немесе аурухана ресепшенінен білуге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1837166-kazakstandagy-medicinalyk-saktandyruga-katysty-trgyndar-pikiri-kandaj/