"Тыржалаңаш шешіндіреді": Алматыдағы қарттар үйінің тұрғыны жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Осыдан бірнеше күн бұрын Алматы әкімінің халыққа есеп беру жиынында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұратын Виктория Баженова "Алматыдағы қарттар үйіндегі жандарға асты еденге, әжетхананың қақпағына қойып береді. Ал қарсылық танытқан қарттарды тыржалаңаш шешіндіріп, еденге жатқызып қояды" деген мәлімдемесімен жұртшылықты да, қала әкімін де елең еткізді. Көп ұзамай шаһар басшысы қарттар үйіндегі жандардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Виктория Баженова 4 жылдан бері осындағы қызметкерлердің біраз кемшіліктерін анықтап, оны ғаламторға жариялап келеді. Осы әрекеті үшін оны мұндағылар бірнеше мәрте соққыға да жығыпты. Қала әкімінің есеп беру жиында келген Виктория әкімнен араша сұраған болатын.
Шаһар басшысы уәдесінде тұрып, қарттар үйіне өзі келді. Алдымен әлеуметтік мекемені аралап, мұнда тұратын жандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Бірі қолөнермен, екіншілері тастыаяқ (бильярд) соғып жатыр. Жеке бөлмелерге де кіріп, өздігінен жүре алмайтын қарттардың халін сұрады. Бір қарағанда барлығы жақсы болып көрінгенімен, Виктория Баженова мүлде олай емес дейді. Бірнеше жылдан бері талай олқылықты өз көзімен көріпті.
"Ешқандай шара қолданбағандықтан мен ғаламтор, YouTube арқылы сізден, президенттен көмек сұрауға мәжбүр болдым. Видеода асханадағы кемшіліктерден бастап, қызмет көрсетуге дейін барлығы бар. Қарт кісіге асты еденге қойып беріп, оған осылай ыңғайлы дейді", -деді №3 Арнаулы әлеуметтік қызметткер орталығының тұрғыны Виктория Баженова.
Әкім қарттар үйіндегі қариялармен әңгімелесіп, пікірлеріне құлақ асты. Барлығы бірдей осында көрсетіліп жатқан қызмет түрлеріне дән риза екендерін жеткізді. Үйде көрмеген жақсылықты осында көріп жатырмыз деп қариялар ағынан жарылды. Барлығы Виктория Баженова мен жұмыстан қуылған тіс дәрігері Жақсылық Өтеуовке наразы.
Ал әлеуметтік мекеме басшылығы өздеріне шағым түсіргендердің пікірлерімен келіспейді. Айтуынша, Виктория Баженов 4 жыл ішінде мекеме директорының үстінен 2 мың шағым түсіріпті. Ол жүйкесі сыр бергендіктен, бірнеше мәрте ауруханаға жатып шығыпты. Ал тіс дәрігері Жақсылық Өтеуов өз міндетін дұрыс атқармағандықтан жұмыстан қуылған екен.
"Бұл жерде барлық қызметтерді көрсетеміз, 4 мезгіл тамақ береміз және мейірбикелер күндіз-түні қарайды. Палата жуушылар өз қызметтерін дұрыс атқарады",- дейді №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығының директоры Раиса Сыпабекова.
Тараптардың пікілерін тыңдап шыққан қала әкімі "мұнда барлығы жақсы, барлығы керемет" дегенге аса илана қоймады. Сондықтан арнайы комиссия құрылып, кешенді тексеру жүргізілетінін жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1842029-tyrzalaas-sesindiredi-almatydagy-karttar-jini-trgyny-zanajkajyn-ajtty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.