Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мейірім жоғалмаған: Аяғы ауыр әйелдің бастауымен халық карантиндегі үйге көмектесуде

Жарияланған күні:

Алматыдағы Ақкент тұрғын-үй кешеніндегі №7 үй коронавирус қаупіне байланысты бір аптадан бері карантинге жабылды. Тұрғындардың үйден шығуына толық шектеу қойылып, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сырттан жеткізілуде. COVID-19 індеті мұнда пәтер жалдап тұратын адамнан табылған. Тұрмыс-тіршілігі қиындаған №7 үй тұрғындарына көршілері көмек келді. Динара Сабыржан мен Гүлнара Алмағамбетова бастаған бір топ адам үйінде қамалған тұрғындарға, көпбалалы аналар мен зейнеткерлерге азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізуде деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

"Менің бұл кешенде тұрып жатқаныма төрт жылға жуықтады. Біраз уақыттан бері WhatsApp мессенджерінде қызмет түрлеріне қатысты топ ашып қойғанбыз. Мұнда көршілердің басым бөлігі тіркелген.

Біздің кешендегі №7 үйден коронавирус табылып, үйдің карантинге жабылғаны бізді бей-жай қалдырмады.

Өзімнің аяғым ауыр, жүктіліктің бесінші айындамын.

Бірақ тәуекел етіп, карантинде қамалған тұрғындарға көмек көрсетеміз деп шештік. Гүлнара екеуміз чатқа қажет нәрселерді жазған едік. Адамдарда мейірім әлі де бар екен. Барлығы жұмылып, әркім қолынан келгенше көмектесе бастады. Осылайша, біз көпбалалы аналар мен балаларға, зейнеткерлерге тегін азық-түлік, дәрі-дәрмек пен жөргектер жеткіздік. Кейін үйдегі біраз тұрғын жүріп-тұрудың шектелуіне байланысты қиын кезеңде екенін ұғындық.

Мәселен, бір келіншектің жолдасы карантин жарияланған кезде қала сыртындағы жұмысында болып, үйге кіре алмай қалған. Осындай мысалдар өте көп. Сол себепті, біз мұны карантин аяқталғанға жалғастыруды жөн көрдік. Жақында бізге демеуші табылды. Ол карантинге жабылған үйдегі барлық балаларға жеміс-жидекті тегін берді. Енді сейсенбі күні тағы да азық-түлік жеткіземіз. Біз мұндай қиын кезде қарап қалмауымыз керек. Адамдарға ең басты керегі – аз ғана мейірім", - дейді Динара.

Айта кетелік, Ақкенттегі №7 үй тұрғындары 24 наурыздан бері карантинге жабылды. Мұндағы коронавирус жұқтырған адам Түркиядан ұшып келген.

Cоңғы деректер бойынша, елімізде қауіпті дертке шалдыққандардың саны 294-ке жетті.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1847900-mejirim-zogalmagan-aagy-auyr-jeldi-bastauymen-halyk-karantindegi-jge-kmektesude/