Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кедей мемлекеттің кедей мұғалімімін": Мектеп оқытушысын желіде сынап тастады

Жарияланған күні:

Алматы облысы Көксу ауданында орналасқан ауыл мектебінің мұғалімі Қазақстанды кедей меллекет деп атағаны үшін кешірім сұрады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Айта кетейік, әлеуметтік желіде Мұқыр ауылындағы орта мектепте қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімінің жанайқайы тарап кеткен.

Майра есімді оқытушы жалдамалы пәтерде тұратынын, қашықтан оқуға көшуге байланыста сіңлісінің үйіне барып интернетке қосылып жүргенін жеткізді.

"Мен дайын үйде, дайын WI-FI-да жұмыс істеп отырған мұғалім емеспін. Менің басымда баспанам жоқ, пәтерде тұратын, сол пәтерінде WI-FI жоқ қайыршы, кедей мемлекеттің кедей мұғалімімін. Сол үшін өкпелімін. Жағдайың болмаса, сенің білімің ешкімге қажет емес. Мұндай мұғалім алдындағы баланы қалай тәрбиелейді? Ұрпаққа ұлттық рух, патриоттық сезім дегенді қалай ұғындырады?", - деп мұңын шақты ұстаз.

Көпшіліктің талқысына түскен видео Youtube желісіндегі Серік Аскаров парақшасында жарияланды.

Кадрдан мұғалімнің түнде ноутбугын көтеріп бара жатқанын байқауға болады.

"Kundelik.kz-ке кіру үшін осылай ноутбугымды арқалап, осы ауылда тұратын сіңлімнің үйіне барамын. Ол – көпбалалы ана. Баламен улап-шулап отырып жұмыс істеймін. Оның өзінің жолдасы, бала-шағасы бар. Менің біреудің отбасына барып, берекесін алғаным дұрыс емес. Бірақ амал нешік, үйімде интернет жоқ болған соң, осылай жүруіме тура келеді", - деп жағдайын түсіндірген оқытушы.

Осы видеодан кейін желі қолданушылары ұстаздың жағдайына алаңдап, жергілікті биліктен оған қарайласуды сұраған.

Желідегілердің ұсынысы ескеріліп, оқытушыға керек-жарақтары "жеткізілген". Бұл туралы қазақ тілі пәнінің оқытушысы айтып берді.

"Мен Байболатова Майра Берікқызы кеше интернет желісіне салған бейнежазбам туралы ақпарат бергім келеді. Мені толғандырып жүрген мәселелер бойынша жергілікті атқарушы билік органдары, атап өтер болсам, Көксу ауданының әкімі Алмас Қабдолұлы және әкімдіктің қызметкерлері интернет желісіне қосылу мәселесін, болашақта баспана мәселесін шешіп беруге уәде берді", - дейді ол видео үндеуінде.

Сонымен қатар Майра Байболатова туған жерін кедей мемлекет деп атағаны үшін халықтан кешірім сұрады.

Мұғалімнің осындай әрекетіне Facebook желісіндегі парақшасында Жанна Арынбекова есімді оқырман көңілі толмайтынын білдірді.

"Негізгі мамандығым мұғалім болғандықтан және ұстаздар отбасында тәрбие алғандықтан көңілім қалды. Мұндайды ұстаздан күтпедім. Айлығымыз 150 мыңға жетпесе де үнемдеп пәтер де, ішіне керекті интернетті де кіргізіп алдық.
Жеке пікірім індетке қарсы барлығы бірігіп жатқанда, оны пайдаланып "хайп" ұстау мүлде дұрыс емес. Ұстаз ең бірінші білім емес, тәрбие беретін тұлға. Еліміздің “Ұстаз деген ұлы есім" деген түсінігіне кесірін тигізетін мұндай азаматтар бар болғаны өкінішті", - деді ол.

Жаннаның мәліметінше, Майра Байболатова Алматы облысы Көксу ауданы Мұқыры ауылында жалдамалы пәтерде тұрады.

Оған мектептен уақытша моноблок берілген.

"Өзінде жекеменшік ноутбугі, смартфоны бар. Ауылда мобильды 4G интернеті жақсы жұмыс істейді. Оған дәлел, мұғалімнің Instagram әлеуметтік желісіндегі @baibulatova.maira парақшасы және вайндары", - деді желі қолданушысы.

Жанна мұғалімнің материалдық жағдайын да айта кетті.

"26 сағат жүктемесі бар. Жекеменшік көлігі бар. Бұл видеожолдаудың негізгі мақсаты - баспана мәселесін шешу. Жергілікті атқарушы органның көңілін өзіне аудару. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы орган баспана мәселесін шешуге көмектесетіндігін айтты. Аталған мәселе бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде", - деп сөзін қорытындылады ол.

Еске сала кетейік, коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда 16 наурыздан бастап 15 сәуірге дейін Төтенше жағдай жарияланды.

Оған сәйкес оқушылар көктемгі демалысқа мерзімінен бұрын шығып, студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшті.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1849862-internet-zok-kazakstandy-kedej-memleketke-teegen-mgalim-kpsilikten-kesirim-srady/