Елордалық 17 жастағы егіздер әлемнің 11 университетінен оқуға шақырту алды
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 17 жастағы Әдия мен Әдина әлемнің 11 университетінен грант ұтып алды. Мұндай шақыртуды күтпеген егіздер қай жоғарғы оқу орнын таңдайтындарын әзірге білмейді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.
Әдия мен Әдина жастайынан шетелде оқуды армандаған. Әуелде қытай тілін жетік меңгеріп, аспан асты мемлекетіне оқуға түсуді мақсат етеді. Олардың зеректігін ондағы университеттер де байқаған болар, арнайы шақырту жіберіпті.
Алайда, егіздер Қытайдағы тоқтаусыз ереуілден кейін райымыздан қайттық деп отыр.
Соңғы бір жыл ішінде бар күшін АҚШ-тың ЖОО-на түсуге әрекет жасаған. Сөйтіп биыл АҚШ-тың 10, ал Австралияның бір университетіне өтініш тастапты. Ең қызығы, соның барлығы да қазақстандық егіздерді оқуға қабылдаған.
"Шыны керек, барлығынан бірдей шақырту аламыз деп күтпедік. Ең болмаса, соның біреуі өтінішімізді мақұлдаса екен деп ойлағанбыз. Бізді оқуға қабылдаған университеттер арасында әлемге танымал тұлғалар білім алған Syracuse (Сиракуз) университеті де бар. Биылғы жылы оған 31 мыңнан астам адам өтінім тапсырған. Соның ішінен 3600 түлекті таңдап алынды. Оның қатарында біз де бармыз", - дейді Әдина Кәкім.
Айта кетейік, Әдия "халықаралық қатынастар" мамандығына құжат тапсырса, ал Әдина болашақта психолог болуды мақсат етеді. Егіздер шақырту алған университеттердің қайсысы таңдайтынын әлі шешпеген.
Дегенмен АҚШ-қа баратыны нақты. Қазір олар карантин уақытында бос жатпай испан тілін меңгеріп жүр.
А. Мүтәлі
Еске сала кетейік, бұған дейін әлемнің тоғыз университетінен бірдей шақырту алған алматылық оқушы жайлы хабарлаған едік.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857080-elordalyk-17-zastagy-egizder-lemni-11-universitetinen-okuga-sakyrtu-aldy/