"Маска таққан түлектер": Алматыда соңғы қоңырау шарасы қалай өтті
Жарияланған күні:
Елімізде биыл соңғы қоңырау шарасы жаңа форматта өтіп жатыр. Мәселен бұл жолы әдеттегідей түлектер вальс билемеді және мектептің барлық оқушыларының қатысуымен салтанаты шара болған жоқ. Бастысы оқу орны қызметкерлері мен түлектерге, ата-аналарға маска кию, қолғап тағу, қашықтықты сақтау сынды карантин шараларын орындау міндеттелді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қазақстанда дәстүрлі түрде 25 мамырда өтетін шара осы жылы үшінші және төртінші маусымға жоспарланған.
Бұл жолы соңғы қоңырау шарасы бірнеше кезеңнен тұрды. Аттестатты сыныптар кезек-кезекпен алды. Яғни тиісті құжатты алатын жерде тек бір сынып қана болған. Ал арада бір сағат өткен соң келесі сыныптың түлектеріне берілген.
Медеу ауданында орналасқан Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында осы жылы 91 оқушы тәмәмдады. Олардың 19-ы "өте жақсы" деген бағамен оқу орнын аяқтаса, 26-сы "Алтын белгіге" ие болған.
Оқу орнының директоры Роза Сексенова түлектерді, ата-аналарды соңғы қоңырау - аттестат тапсыру мерекесімен құттықтады.
"Құрметті, мектеп бітірушілер, бүгін аттестат алып, өмірдің үлкен жолына қадам басып тұрсыздар. Мамандық таңдап, сол мамандықтың шыңына жетіңіздер. Әрқайсысыңыз мемлекеттің тірегі болады деп сенемін. Барлығыңа ақ жол тілеймін", - деді ол.
Еске сала кетсек, осыған дейін онлайн брифинг кезінде премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирус пандемиясына байланысты соңғы қоңырау шарасы ерекше форматта маусым айының басында өтетінін айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1858770-maska-takkan-tlekter-almatyda-sogy-koyrau-sarasy-kalaj-tti/