Еуразиялық банк өзге банктегі әріптестерін "Республикалық қан орталығына" қан тапсыруға шақырды
Жарияланған күні:
Еуразиялық банк қызметкерлері шамамен 45 литрге жуық қан өткізді. Енді олар өзге банктегі әріптестерін де қан тапсыруға шақырып отыр.
Карантин кезінде енгізілген шектеулер салдарынан ел аумағындағы республикалық және қалалық қан орталықтарында донорлық кадрлар тапшы болып жатқанын, ал бұл трансфузилогиялық көмекке мұқтаж науқастарды емдеу сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін екендігі белгілі болды.
Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты, Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, перзентханалар сынды медициналық мекемелерде қан тапшылығы сезілуде.
"Төтенше жағдай режимі мен карантин енгізілгелі донорлық белсенділік екі есеге дейін азайған. Егер карантинге дейін орталығымызға 80–100 донор келіп қан тапсырса, карантин кезінде тіпті 10—20 ғана адам әрең жиналатын күндер болды. Шамамен сәуір айының ортасына таман жағдай жақсара бастады. Мамыр айында донорлар саны қажетті деңгейге жетті деуге әбден болады. Алайда донорлар тапшылығы әлі де сезіліп қалатын күндер жоқ емес", — дейді ҚР ДСМ "Республикалық қан орталығы" ШЖҚ РМК директорының медициналық бөлімі жөніндегі орынбасары Саида Арыспаева.
Донорлық қанның барлық компоненттерінде сақтау мерзімі болады. Мәселен, тромбоциттер -қанның ең нәзік компоненті. Оны жеті күнге дейін ғана сақтауға болады. Құрамында эритроциті бар қан компоненттері консервант түріне байланысты 21 күннен 49 күнге дейін сақталуы мүмкін. Бірден мұздатылған плазма үш жылға дейін сақталады. Медициналық мекемелердің барлық қажеттілігін өтейтін донорлық қан өнімдерінің құнды қорын реттеп, басқара білу де аса маңызды. Сондықтан қан банкіндегі қорды толықтыру бір-ақ рет қана емес, ұдайы жүзеге асып отыруы қажет.
Еуразиялық банк өзге банктерді де өмірлік маңызды науқанға қатысуға шақырады. Мамандырылған автобус-зертхана тап банк аумағына өзі келеді. Ал қауіпсіздік шаралары туралы алаңдамауға да болады, себебі "Республикалық қан орталығы" оған баса назар аударады.
"Донорлық қан өнімдерінің инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрдайым қан қызметінің бірінші кезекте атқарылатын міндеті болып саналады. Карантин режимі жарияланғалы біздің қан орталығымызда барлық қажетті шаралар сақталады және коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша барлық іс-шаралар жүзеге асуда. Донор қан тапсырмас бұрын мұқият тексеруден өткізіліп, терапевт дәрігердің сұрақтарына жауап береді. Донордың денсаулығында кінәрат жоқ екенін нақты білген соң, біз оны донацияға жібереміз. Донацияның барлық түрі зарарсыздандырылған бірретік шығыс материалдарын қолдану арқылы іске асады. Бұл донор үшін де, реципиент үшін де инфекциялық қауіпсіздіктің кепілі болмақ.
Сонымен бірге алынған донорлық қан өнімдерінің инфекциялық қауіпсіздігі қосымша өңдеу тәсілдері арқылы қамтамасыз етіледі. Қан құрамында инфекцияның бар-жоғы мұқият тексеріліп, патогендерді әсерсіздендіру, карантиндеу секілді процедуралардан өткізіліп, лейкоциттерді жібермей ұстап қалатын арнайы сүзгілерден өткізіледі. Себебі ауру қоздырғыштар әдетте қанда еркін түрде жүрмейді. Олар қан жасушасы – лейкоциттерде жабысып тұрады немесе олардың ішінде болады",—дейді Саида Арыспаева.
Осы күндері Еуразиялық банктің Атырау, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Шымкент, Талдықорған және Тараз қалаларындағы филиал қызметкерлері тұрғылықты жерінде науқанға атсалысу үшін өздігінен қалалық қан орталықтарына барып жүгінді. Бастапқыда бұл бастаманы "Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының" өтініші бойынша банктің астаналық филиалы қолға алған болатын.
Осылайша, науқан республикалық көлемде жүзеге асырыла бастады. Еуразиялық банктің 100 қызметкері 2 күннің ішінде 45 литрге жуық қан тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1861629-eurazialyk-bank-zge-banktegi-riptesterin-respublikalyk-kan-ortalygyna-kan-tapsyruga-sakyrdy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.