Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қиналып кеттік": Карантинде жамбылдық асабалар қалай күн көріп жүргендерін айтты

Жарияланған күні:

Бала-шағасын тек той арқылы асырап жүрген асабалар мен өнер адамдары соңғы уақыттарда қаржылық қиындықтарға ұшырап жүр. Олар жиған тергендері таусылғанын айтып, биліктен "тойханаға рұқсат етуін" бірнеше мәрте сұраған. Алайда, құзырлы мекемелер елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталмағанша, ұлан асыр мерекелік кештердің болмайтынын кесіп айтты. Осы орайда KAZ.NUR.KZ порталы Айқын газетіне сілтеме жасап Жамбыл облысының тамадалары қалай күн көріп жүргенін өздерінен сұрап көрді.

Көрнекі фото: wikipedia
Көрнекі фото: wikipedia: Instagram

Абзал есімді асаба өткен сенбіде екі беташар жүргізгенін айтады.

"Шындығы керек, өткен жылы осындай кезде аптасына алты күн тойға шығатынбыз. Карантин жарияланғаннан бері қол қусырып қарап қалдық. Негізгі күнкөрісім той бизнесі болған­дықтан, бала-шағаны қалай болса да асырау керек.

Сондықтан беташар, есік алдындағы шағын тойларға тапсы­рыс қабылдап жатырмын. Халық та қазір отбасылық мерекесін ұзаққа созылмауын қалайды. Сол себепті бір күнде екі беташардан өткізудеміз.

Оларды да түсінуге болатын шығар. Көптен күткен қуаныштарын қашанғы кейінге шегере беруге болады? Әйтеуір адамнан айла артылған ба?  Тараздықтар қазір жаппай той өткізіп жатқаны анық. Бүйте берсе, ертең ел бұрынғыдай есік алдына палатка құрып, отбасылық мерекелерін  тойлай беретіні анық. Енді мұны билік тоқтата алмайтын сияқты", – деді ол.

Абзалдың сөзін Нұрбол есімді асаба да қоштап отыр.

"Расында да, қатты қиналып кеттік. Жұмыссыз ретінде 42 500 теңгені бір алғанымызбен, екіншісі  түспеді. Оған қоса, бір 42 500 теңгеге отбасыңды асырау оңай емес. Үйде жатып та мезі бола бастадық. Жұмыс іздеп бір жерге бара қалсаң, барлығы карантинді алға тартып өз қызметкерлерін әзер ұстап отырғандарын айтады.

Содан жасырын болса да, қазір той өткізіп жатырмыз. Өткен аптада Ақкөл ауылына беташарға барып келдім. Сондай-ақ бір досымның інісінің үйлену тойын да шағын адаммен есік алдында өткіздім. Олар да билік бүгін-ертең той жасауға рұқсат бермейтінін түсініп, осындай әрекетке барып отыр.

Дәл қазір аудандардан келіп жатқан тапсырыс көп. Дені тойы ауласында өтетінін айтуда. Айыппұл арқалауымыз мүмкін екенін түсініп отырсақ та, бала-шағаның қамы үшін нар тәуекелге барып жатырмыз", – деді ол.

Еске сала кетсек, осыған дейін танымал айтыскер ақын Болатбек Мейірбекұлы "тойға мораторий жариялауға" қатысты пікірге өз ойын айтқан еді. Оның сөзінше, елдің дамуына қазақтың қуанышы кедергі емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862418-kinalyp-kettik-karantinde-zambyldyk-asabalar-kalaj-kn-krip-zrgenderin-ajtty/