Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сербияда карантинді қайта енгізу бастамасы халық наразылығын тудырды

Опубликовано:

Сербия астанасы Белградтың орталығына наразы жұрт жиналып, ел президенті Александр Вучичтің COVID-19 індетінің қарқын алуына байланысты карантин шектеулері қайта енгізіледі деген мәлімдемесіне наразылық білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы "Азаттық радиосына" сілтеме жасап.

Сербиядағы наразылық. Фото: globallookpress.com
Сербиядағы наразылық. Фото: globallookpress.com: Facebook

Жиналған халық парламент ғимаратын басып алмақ болып, полициямен қақтығысып қалды. Полицейлер оларды тарату үшін көз жасаурататын газ қолданды.

Мыңнан астам адам қатысқан наразылық Вучичтің 7 шілдедегі мәлімдемесінен кейін басталды. Президент Белградтағы жағдайдың қиын екенін, 1,3 миллион тұрғыны бар қаланың ауруханаларында бос орын жоқтың қасы екенін айтқан болатын.

Кейбір наразы тұрғындар үкіметтің коронавируспен күрес шараларын сынға алып, Вучичтің отставкаға кетуін талап етті. Өзгелері алау тұтатып, полицияға тас лақтырды.

Сербиядағы COVID-19 ахуалы 21 маусымдағы парламент сайлауынан бірнеше апта бұрын экономика “қайта ашқан” соң қатты ушыға бастады. Биліктің сыншылары Вучичті шектеулерді өзіне керек сайлауды өткізу үшін ғана босаңсытты деп айыптады. Сайлауда Вучич төрағалық ететін “Сербияның прогрессивті партиясы” мен оның коалициясы жеңіске жетті.

7 шілдедегі баспасөз мәслихатында Вучич сол күннен бастап бес адамнан артық жиналуға болмайтынын, үкіметке жағдайды қайта бағалау үшін демалыс күндеріне комендант сағатын енгізу туралы өтініш білдіретінін айтты.

“Жұма күні кешкі 6-дан бастап дүйсенбі таңғы 5­-ке дейінгі комендант сағатына дайын болыңыздар. Мен осы шараның бүкіл Сербияға қолданылғанын қалаймын. Бірақ қарулы күштер мен премьер-министр [Ана] Брнабик мені тыңдай ма, жоқ па, оны көре жатармыз" – деді Вучич.

Президенттің сөзінше, шектеулердің қалай болатыны 8 шілде күні қарулы күштердің басшылығымен кездесуден кейін белгілі болады.

“Біз азаматтарды қорғауымыз керек. Сол себепті маған саяси реакцияға және наразылыққа бәрібір. Ашу-ыза дәрігерлерге емес, маған бағытталсын”, – деді Вучич.

Ресми деректерге сәйкес, елде коронавирустан 330 адам қайтыс болған. Елде коронавирус ел алғаш 6 наурызда анықталса, бүгінде вирус жұқтырғандар 16 719-ке жетті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Бразилия президенті Жаир Болсонару өзінен коронавирус анықталғанын растаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1863963-serbiada-karantindi-kajta-engizu-bastamasy-halyk-narazylygyn-tudyrdy/

pixel