Алматы облысында екі өкпесі 90 пайыз зақымданған сырқаттың жағдайы жаға ұстатты (видео)
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде Алматы облысына қарасты Іргелі ауылында пәтер жалдап тұратын Еркін Майлыбаев есімді азаматтың денсаулығына қатысты адам шошытарлық мәліметтер тарап кетті. 38 жастағы тұрғынның екі өкпесі 90 пайыз күйіп кеткеніне қарамастан, дәрігерлер Еркінді үйіне қайтарып жіберген. Бүгінде науқас алматылық дәрігер мен журналистің ықпалы арқылы ғана Үшқоңыр ауруханасына қайта қабылданған. Десе де, Еркін Майлыбаевтың жағдайы әлі де болса ауыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Еркін Майлыбаевтың әйелі және екі баласы бар. Алматының шетінде пәтер жалдап жүрген ол дені сау кезінде құрылыстан нәпақасын тапқан. Алайда, вирусты пневмония Еркінді де айналып өтпеді. Екі өкпесі 90 пайызы зақымданған оны дәрігерлер Қаскелеңдегі орталық ауруханада 16 күн емдеген. Бірақ жағдайы жақсармаған науқасты қайтадан үйіне шығарып жібереді. Осыдан соң, Еркіннің жағдайы мүлде нашарлай бастаған.
"Еркін Майлыбаевтың жағдайын әлеуметтік желіден көріп, жағамды ұстадым. Өзім дәрігер-терапевт болған соң, адамның көз алдымызда осылай солып бара жатқанына шыдамай, қызыммен бірге ол тұратын пәтерді іздедім. Өкінішке қарай, денсаулығы өте ауыр деңгейде. Тұрмысы да аса мәз емес. "Алтын Орда" базары маңындағы Іргелі ауылында өте жұпыны, бар болғаны 6 шаршы метрлік бөлмені жалдап тұрып жатыр.
Науқас азамат лас жерде қараусыз жатыр. Әйелі жағдайды түсіндіргендей болды. Сол арада мен жедел жәрдем шақырып, адамды бұлай тастауға болмайтынын айтып, Еркін Майлыбаевты қайтадан ауруханаға алдырдым. Бірақ оның қазіргі ауруханадағы жағдайы да мәз емес. Жасанды оттегі аппаратымен дем беріп жатыр. Бірақ оны аман алып қалу үшін бар күшті салмаса болмайды", - дейді алматылық дәрігер Айзада Раисова.
Еркін Майлыбаевтың ауыр халін көрген желі қолданушылары оған қаржылай көмек беруде. Көпшілігі беті бері қарамаған адамды ауруханадан шығарып жіберген дәрігерлер әрекетін түсінбеуде. Ал сырқаттың жағдайы күн санап нашарлап барады.
Еркіннің қатты сырқат екенін білген пәтер иесі оны отбасымен бірге түн ішінде көшіріп жіберген.
Әлеуметтік желіде Еркін Майлыбаевтың отбасына көмек көрсетемін деушілер 8 747 261 42 46 нөміріне ақша аударып жатыр.
Бүгін Еркіннің денсаулығына қатысты Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі пікір білдірді.
"Қарасай аудандық орталық ауруханасы Үшқоңыр ауылының КВИ-2 провизорлық бөлімшесінде стационарлық ем қабылдап жатқан пациент Е.О.Майлыбаевтың туыстарынан түскен өтініш бойынша төмендегіні мәлімдейді.
Науқас Майлыбаев.О.Е 01.08.2020 жылы жедел жәрдем бригадасымен 01.08.2020 жылы Үшқоңыр ауылының КВИ-2 провизорлық бөлімшесіне жеткізілген. Алдын ала қойылған диагноз: Коронавирус инфекциясы. Туыстарының айтуынша, екі жақты пневмония, өкпенің 90% бөлігі зақымданған. Бірақ КТ, рентгенге түспегендіктен ешқандай анықтама ұсынған жоқ.
Ауруханаға қабылдау кезінде пациент әлсіздік, ентігу ауру белгілерінің бар екенін айтып, бір ай бойына ауырып жүргеніне шағымданды.
Объективті тексеру кезінде: пациенттің жағдайы орташа ауырлықта, сатурация 96% екенін көрсетті. Пациенттің осы уақытқа дейін ешқандай емханаға тіркелмегенін ескере отырып, дәрігерлер толыққанды медициналық тексеруден өткізуде. Қазіргі уақытта жағдайы орташа ауырлықта.
02.08. 2020 жылы пациенттен COVID-19 ПТР және басқа қажетті анализдер алынып, зертханалық тексеруге жіберілді. КТ, рентген жасалды", -деді басқармада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867816-almaty-oblysynda-eki-kpesi-90-pajyz-zakymdangan-syrkatty-zagdajy-zaga-statty-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.