Челахқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырған судья жаңа қызметке ие болды
Жарияланған күні:
Владислав Челахтың ісінде аппеляцияны қараған судья Бақытжан Қараманов жаңа лауазымға ие болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Қазақстан Жоғарғы Сотының ресми сайтына сілтеме жасап.
Сот сайтындағы хабарға сәйкес, Қараманов Павлодар облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды. Жоғарғы Сотты басқаратын Жақып Асанов Қарамановты ұжыммен таныстырып үлгерген.
Асанов жаңадан тағайындалған Павлодар облыстық сотының төрағасы үлкен тәжірибеге және мінсіз беделге ие екенін атап өтті.
Бақытжан Қараманов 58 жаста, Қызылорда облысының тумасы. Еңбек жолын Қызылорда облысының прокуратурасында тағылымдамадан бастаған, кейін әскери прокуратурада жұмыс істеді, 1995 жылы Алматыдағы әскери соттың мүшесі болды.
2015 жылы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының басшысы және Алматы қалалық сотының судьясы лауазымын атқарды. Соңғы тағайындалғанға дейін осында жұмыс істеді. Қараманов "Арқанкерген" өткізу бекетінде 14 шекарашыны өлтірді деп айыпталған Владислав Челахқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырған, Челах өмір бойы бас бостандығынан айырылды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басында әлеуметтік желілерде өмір бойы сотталғандарға арналған колонияда жазасын өтеп жатқан Челахтың өзін-өзі өлтіргені туралы қауесеттер тараған еді. Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл мәліметті жоққа шығарып, сотталушының "тірі әрі дені сау" екенін жеткізді.
Айта кету керек, өткен жылы Челахтың үкімге шағымдануға соңғы мүмкіндігі болғандығы туралы хабарланған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1869149-celahka-katysty-kimdi-zgerissiz-kaldyrgan-suda-zaa-kyzmetke-ie-boldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.