Білім министрі мұғалімдер жалақысын көтеру тәртібін түсіндірді

Опубликовано:

ұстаз
Көрнекі фото: inbusiness.kz

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кезекші топтарға сабақ беретін мұғалімдердің жалақысы қалай көтерілетінін түсіндірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, бұған дейін бастауыш сыныптардың мұғалімдері жүктеменің аз болуына шағымданатын. Себебі типтік жоспар бойынша 1-сыныптарда 24 сағаттық жүктеме болса да, ағылшын тілі, дене шынықтыру сияқты сабақтарды басқа мұғалімдер өткізеді. Сонда бастауыш сынып мұғалімдерінің жүктемесі 15-16 сағатқа дейін азайып, "бір ставкаға" да жетпейтін. Биыл кезекші сыныптарда бір топта тек 15 оқушы ғана білім алады. Ондайда мұғалім жүктемесі артады, жалақысы да өседі.   

"Мәселен, бұрын бір сыныпта 30 оқушы болса, кезекші сыныптарда 15 бала болады. Сонда бір сыныпты екі топқа бөлуге тура келеді. Демек, мұғалімнің жүктемесі артады. Бірақ қосымша жұмыс үшін қосымша ақы төленеді. Жеке жүктемесі 28 сағатқа жетсе, сол уақыттың еңбекақысын алатын болады", - деді Аймағамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. 

Министрдің айтуынша, бір мұғалім сабақты оффлайн және онлайн форматта бере алады. Ол жағынан ешқандай шектеу жоқ. Ал қосымша жүктеме үшін берілетін ақша үстемеақыға жатпайды. Бұл – тариф бойынша төленетін жалақы. 

"Иә, бұл - әдеттегі тарификация, кәдімгідей жалақы. Оны білім беру ұйымының басшысы шешпейді. Барлығы нормативтік актілерде жазылған. Біз оны жіті бақылайтын боламыз. Мәселен, 18 сағат – бұл бір ставка. Егер мұғалімнің жүктемесі 25 сағат болса, онда тарификиция соған қарай жасалады да, жалақының көлемі өседі. Оны "үстемақы" деп атауға келмейді. Бұл – заң бойынша төленетін жалақы", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1871490-bilim-ministri-mgalimder-zalakysyn-kteru-trtibin-tsindirdi/