Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шетелге аузын ашып еліктейді": Белгілі ақын қазақтың басты қателігін айтты

Опубликовано:

Фото
Фото: Ақұштап Бақтыгерееваның жеке мұрағаты

Жайықтың ақ шағаласы атанған қазақтың ақын қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева қазіргі әдебиет, оқырманның талғамы, ұрпақ тәрбиесі мен ақынға тән әдет жайлы сөз қозғады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

15 жылға жуық уақыттан бері Батыс Қазақстан облысында жазушылар одағының бөлімшесінде басшылық қызмет атқарып келе жатқан қаламгер қазіргі оқырманның талғамын түсіріп алдық, дейді. Ол әдебиетке, классикалық әдебиетке жекелеген адамдардың ұсақ-түйегі кіріп кеткенін жасырған жоқ.

"Қазіргі жүріп жатқан жарнамаға байланысты жеңіл өмірді қалай сүруге болады, қалай оңай ақша табуға болады деген мазмұндағы кітаптар ойлы әдебиетті, парасатты, саналы әдебиетті, Абайдың айтқан ақылдарын таптап кетті. Сөйтіп, біз ненің не екенін айыра алмайтын оқырман болдық, ненің не екенін айырмайтын қаламгер көбейді. Қазір оқырман үнді мен түріктің кинолары секілді жеңіл-желпі дүниені оқиды. Барлық тақырып жеңілденіп кетті де, біз негізгі өз бағытымыздан шығып кеттік. Ұлы даланың әдебиеті, тәрбиесі, мәдениеті, жалпы мақсаты басқа болуы керек еді, бірақ біз одан айырылып қалдық. Себебі біз бірде анау болсақ дедік, бірде мынау болғымыз келді.

Адамзат таяқты жеп барып, бір жерден құлап, қайта тұрып, сосын барып қайта орнына келетін сияқты болып көрінеді. Шатасып, құрып, ұлт болып жоғалып бара жатып, тілі мен мәдениетін жоғалтқан кезде ғана қайтадан өзінің негізгі тамырына оралар. Тамыры жоқ нәрсенің өмірі жоқ.

Көрші елге қарасаң, бірі жерін сүюді баласына жөргектен үйретеді, енді бірі қызын шетелдікке бермейді. Ал бізде жемқорлық өршіп тұр, халық баласын сатып, қыз бен ұлдың тәрбиесінен айырылып, отан сүюді айтпай, баба өсиетін айтпай, тек шетелге аузын ашып еліктейді", - дейді Бақтыгереева..

Фото
Фото: Ақұштап Бақтыгерееваның жеке мұрағаты

Одан бөлек, қаламгер қоғамда болып жатқан жағдайлар туралы сөз етті.

"Жаңалықтан біреудің баласын қоқысқа тастағанын хабарлап жатыр. Бұл барлық облыста болып жатқан жағдай, оның біреуін көреміз, бірі айтылмайды. Бала лақтыру адамзаттың қай ғасырында болған жайт екенін білмеймін. Бұл – адамның азуы, тозуы.

Қазақ қызына қырық үйден тыйым деп үйретуші еді, ол қазір қайда? "Өзім үшін өмір сүремін" деп жазған қыздардың кітаптарынан шатасу көремін. Өткен ғасырдағыдай басыңа таяқ ойнатып, әйел бол деп отырған жоқпын.

Қазақ әйелі, қазақ қызы қашан да қымбат болған. Бұған дейін бізге қызды қалың малға сатты деп қате түсіндірді. Қазақ қызды қыруар мал төлеп, алтын-күміске киіндіріп, қастерлеп жар еткен. Қазақ азаматы әйелін ешқашан басқа біреуге тәуелді етпеген.

Төредей азамат пен керемет әйелдің қыздары шетелдікке күйеуге шығып, соның ұрпағын көбейтіп отыр. Бұл намыссыз өскен, өзін сыйламайтын қыздың әрекеті. Еркіндік дедік, бірақ сол еркіндікті ұға алмай қалдық. Еркіндік ортаға шығып айғайлау емес еді, әркімнің бетінен жұлып таласу емес. Соны түсіндіре алмай, заман солай деп қоя бердік.

Ұлды сүйген жарыңа пана боласың, жарыңды сыйлайсың, балаңа жауап бересің деп тәрбиелей алмадық. Қызға ошақты бұзбайсың, шаңырақты сақтайсың, көшеден бала алып келмейсің деп ұлттық тәрбиені айтқан жоқпыз. Біздің қателік – осы", - деді қаламгер.

Ақын қазір жастардың махаббат деген сөзді қалай түсінетінін білмеймін атап өтті.

"Ақшасы болса, жағдайын жасаса, махаббат болады деп ойлайды. Олай емес еді. Поэзияның өзінде қазір мөлдір сезім жоқ, оқысаң кейде шошисың. Әдебиет осының бәрін түсіндіретін үлкен құрал. Әдебиет адамшылдықтың тәрбиешісі болды. Бір ауыз сөздің өзінен мұхиттай терең білім алуға болады. Әдебиетте мейірім, қанағат жайлы қанша дүние бар еді. Соны оқытпағаннан тәрбиесі төмен, білімі аз ұлт болып отырмыз.

Қазір тіл үйрену, бизнес, менеджер болу бірінші орынға шығып кетті. Әдебиетті оқымағандардан дұрыс менеджер де шыққан жоқ, бизнесмен де шықпайды. Әдебиеттің мейірімі мен ұлттық намысты оқымаса, ол азаматтан ештеңе шықпайды. Ол тіпті айналдырған екі баласы мен әйеліне, ошағына ие бола алмайды. Міне, әдебиеттің ұлылығы осында", - деді ақын.

Сонымен қатар, Бақтыгереева қызға ақындықты тілемейтінін ашып айтты.

"Ауыр. Барлық жағынан. Оған үлгеру үшін үлкен-үлкен жігер, қайрат, шыдам, төзім керек. Кейде әйел болудың өзі оңай шаруа болмайтыны бар, ал оған қоса ақын болу одан да қиын. Тағдыр берген соң амал жоқ, оны алып жүру керек. Шын ақынның миы, қабылдауы мүлде басқа болады. Ақынға бәрі әсер етеді, ал ол оңай шаруа емес. Біреу күліп отырса, сенің көңілің күйіп отырады. Ақынға табиғат еркіңнен тыс құбылыс сыйлайды", - дейді ол.

Еске сала кетсек, осыған дейін мемлекет басшысы "Қазақ әдебиеті" оқулығындағы кемшіліктерді жоюды тапсырған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1871509-setelge-auzyn-asyp-eliktejdi-belgili-akyn-kazakty-basty-kateligin-ajtty/

pixel