Карантинге қарамай той жасап жатқан өнер адамдары жұрттың ашуын тудырды

Опубликовано:

Фото
Фото: Olx.kz

Елімізде шектеу шараларын елемей жасырын құдалық та, ұзату да, беташар да өтіп жатқан жандар баршылық. Арасында халық алдында жүрген өнер адамдары да бар деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, екі айда ел бойынша 600-ге жуық той иесіне ірі көлемдегі айыппұл салынған. Көлемі де аз емес. Берісі 80 мың, арысы бір жарым миллион теңге.

Алайда бұл тізімде дүбірлетіп той өткізіп, шектеу шараларын елемеген эстарда өкілдері жоқ.

Ел тұрғындары "өнер адамдарының өзі заңды пысқырып жатқан жоқ" деген пікірде.

Тәртіпке бағынбағандардың арасында әнші Жанар Айжанова бар. Ол қызы Айжұлдыз Адайбекованы үйінен ұзатты.

Сонымен қатар эстрада жұлдызы Төреғали Төрәлі де шектеу шараларына қарамастан қарындасын құтты орнына шығарып салды.

Одан бөлек, тамыз айында Роза Рымбаеваның тұңғышы Әли Оқапов та қолына құсын қондырып, анасының көптен күткен арманын орындады.

Ал тыйым салынғанына қарамастан ұзату тойын ұйымдастырған Әлидің атыраулық қайын жұртына 41 мың теңге айыппұл салынғаны белгілі болды.

Осы орайда қоғам белсендісі Ыбырайым Бабаев болса елімізде заң жүйеге қойылмағанын ашып айтты.

"Той жасап жатқандарға 42 мың салады екен да, көшеде маскасыз жүргендерге 83 мың теңге көлемінде айыппұл салынады екен. Әрине ол барып тұрған бассыздық. Бұл ойнына келгенді жасау деп білемін", - деп ашынды ол.

Ал қалғандары тек ескертумен ғана шектелді. Оларға белгісіз себептермен айыппұл салынбады, дейді телеарна тілшісі.

Ал Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау департаментінің бөлім басшысының орынбасары Жанна Пірәлиеваның айтуынша, той жасап заң бұзушылық жасаған кезде той иесіне 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

"Ал ресторан қожайынына кіші бизнес болса 230 МРП, орта бизнес болса 310 МРП, ал ірі бизнес болса 1600 МРП айыппұл салынады", - деді ол.

Айта кетейік, елімізде карантин шаралары жеңілдетілгенмен, адамдар жаппай жиналатын шараларды ұйымдастаруға әлі рұқсат жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1872975-karantinge-karamaj-toj-zasap-zatkan-ner-adamdary-zrtty-asuyn-tudyrdy/

jitsu gif