Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шатырға шығып оқиды": Атырау облысында мектеп оқушылары интернеттің "азабын" тартуда

Опубликовано:

Фото
Фото: Ақ Жайық

Атырау облысы Мақат ауданы Ескене және Таскескен елді мекенінің оқушылары ұялы байланыстың машақаты салдарынан бірнеше сағатын үй шатыры үстінде өткізуде. Ала жаздай бұл мәселені шешпеген атқамінерлерге елді мекен тұрғындары наразылығын білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап.

Ескене ауылының тұрғыны Серік Тұрлановтың сөзінше, екі жиені қашықтықтан білім алғанға дейін Доссордағы Шәріпов атындағы мектеп-интернатта оқыған.

"Енді онлайнға көшкелі үйден оқуда. Несіне жасырамыз, былтыр оқып жарытқандары шамалы. Біздегі басты мәселе - ұялы байланыстың жоқтығы. Оқу жылы басталғалы бері мектеппен байланысқа шыға алмай отыр. Бұл не масқара. Бұдан он күн бұрын аудандық әкімдік ауылда жиналыс өткізген, сонда айтқаны "Қазтелекоммен" келісе алмадық деді. Сонда ала жаздай не бітірген? Қашықтықтан оқитыны алдын ала айтылды емес пе. Біз осы қай ғасырда өмір сүріп отырмыз", - деп күйінді ол.

Ал елді мекеннің тағы бір тұрғыны Тазагүл үйден ұялы байланыс ұстамайтынын растап отыр. Әйел адам балалар ұстаздарымен байланысқа шығу үшін шатырдың үстіне шығуға мәжбүр екенін ашып айтты.

Оның сөзінше, балалар шатыр үстінде бес-алты сағаттап, кейде кешке дейін отырады екен.

"Көрпелерін ала кетеді. Күн де суытып келеді, енді балаларым сырқаттанып қалмаса деймін. Отбасымдағы үш балам мектепте, ал үлкені - студент. Айтпақшы, студенттерге Zoom-мен білім алу мүмкін емес", - дейді Тазагүл.

Басылым мәліметінше, Таскескенде де дәл осы жағдай.

Бұл жағдайға Мақат ауданы әкімінің орынбасары Азамат Шанғалиев пікір білдірді.

"Ескене елді мекенінде 22, Таскескенде 6, ал №441 разьезде 2 оқушы бар. Бұл ауылдарға ұялы байланыс жылдамдығын арттыру үшін бастапқыда "Қазтелекоммен" келісімге келгенбіз. Енді олар бас тартып отыр, олар үшін аз үйге желі жүргізу күлдей шығын екен. Енді "Казтранском" АҚ осы елді мекендерге интернет тартып беруге келісіп отыр. Ескене ауылындағы сегіз үйге қосылды. Бұл жұмыс қазанға дейін жүреді", - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы облысы Іле ауданына қарасты Көкқайнар ауылының бір топ тұрғыны елді мекендегі интернет пен ұялы байланыс желісінің нашарлығы және жол сапасының тым төмендегін айтып, шағымданған болатын.

Сонымен қатар, әлеуметтік желіде Алматы облысы Қарасай ауданының мектеп оқушылары интернетке қосылуды сұрап, ел президентіне видеоүндеу жасаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873024-satyrga-sygyp-okidy-atyrau-oblysynda-mektep-okusylary-internetti-azabyn-tartuda/

pixel