Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Төрт айда 500 мың кетті": БҚО-да бірнеше жыл бала сүйе алмаған әйелдің хикаясы (фото)

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Қайыңды ауылының тұрғыны Бұлбұл Хамидуллина бірнеше жыл бойы сәби сүйе алмай, талай дәрігердің табалдырығын тоздырған. Қуанышқа қарай, бүгінде ол аңсаған арманына жетіп, қыз бала тәрбиелеп отыр. Бұлбұлдың айтынша, балаға зар болған ата-аналардың қалтасы қалың болуы тиіс. Түрлі анализ тапсырып, түрлі дәрігердің алдына бару үшін жүз мыңдаған ақша кетеді. KAZ.NUR.KZ қарапайым ауыл келіншегінің әңгімесін назарларыңызға ұсынады.

"2013 жылы тұрмыс құрдым. Босаға аттап, ақ орамал таққан соң әрбір әйел тезірек бала көтеруді армандайды. Бірақ бұл қуанышты сәт біреуге ерте, біреуге кеш келсе, енді біреулер үшін өмірлік арманға айналуы мүмкін. Бір жыл бойы бала сүйе алмаған соң, 2014 жылдан бастап жолдасыммен бірге емделе бастадым. Өзім ауылда тұрсам да, таксимен ай сайын Оралға баратынмын. Барған сайын ақылы емханалар 40-50 мың теңгені қағып алады. Бірде маған түрлі инфекцияларды жинап алғансың деп, бітпейтін анализ тапсыртады. Енді бірде жолдасымның ұрығы әлсіз деп, оған да ұзын-сонар тізім жазып береді. Осылайша, ауыл мен қала арасын жол қылып жүргенде төрт ай өтіп кетіпті. Ал осы аралықта 500 мыңнан аса қаржыны емге жұмсаппыз. Әрине, ауылда тұратын қарапайым жандар үшін бұл қомақты ақша. Бірақ мұның нәтижесі болса, еш өкінбес едім. Біз емделген сайын, сарыла күткен сайын сәбилі болсақ деген арман алыстай берді", - дейді Бұлбұл.

Осыдан соң, Бұлбұлдың дәрігерлерге деген сенімі төмендеп, бәріне қолды бір сілтейді.

"Тоқтаусыз дәрі ішіп, тоқтаусыз анализ тапсырудан шаршадық. Кейін ештеңе ойламай, құдай өзі берер деген оймен қалыпты өмірді жалғастыра бердік. Бірақ көкейдегі арман кеткен жоқ. Қашан сәби көтеремін деген оймен таңды көзбен атыратын кездерім көп еді. Бірде енемнің қағаздарын ақтарып отырып, ескі газетті тауып алдым. Өзімнің газетті соңғы бетінен бастап оқитын әдетім бар. Ең соңғы жолақта оралдық емші Анар апайға емделіп, сәбилі болған үш әйелдің оқиғасы жазылыпты. Бұл маған да ой салды. Осы кісіге барғанша тыным таппадым. Жолдасыммен ақылдасып, тағы да қалаға келдім. Бұл жолы біз ақылы емханаға қайтадан қаралып, дәрігер 25 мың теңгеге анализ өткізуді тапсырған еді. Сол күні бұның сәті түспей, Анар апаға бардым. Асығыс болған соң, үш күн алатын емді бір күнге сыйғызып, ауылыма тартып кеттім. Бір айдан соң, тура 8 наурыз мерекесінде өзімнің жүкті екенімді біліп, қатты қуандым. Бүгінде Кәусар атты қызымыз бес жасқа келді. Бірден ем жасап, дертімді тап басып білген Анар апайға алғысым зор", - дейді ол.

Сондай-ақ, Бұлбұл бала сүйе алмай жүрген жұбайлардың қаржыдан көп қиналатынын жасырған жоқ.

"Қазіргі заманда емделу оңай емес. Аяғыңды аттасаң ақша беруің керек. Ал бала көтере алмай жүрген әйелдер үшін бұл жағдай мүлде қиын. Білікті гинекологтардың бәрі ақылы емханаларда жұмыс істейді және қызметтері де арзан емес. Жай ғана анализдің өзіне қыруар қаржы кетеді. Содан кейін бала көтеріп кетсең ештеңеге өкінбес едің. Кейде дәрігерлердің емі де көмектеспейтін кездер болады. Сондықтан, бала армандап жүрген жұбайларға төзімді, мықты болыңдар дегім келеді", - дейді әйел.

Бұлбұл бүгінде екінші сәбиін өмірге әкелмекші.

Фото
Фото: Бұлбұл Хамидуллинаның жеке мұрағаты

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873161-trt-ajda-500-my-ketti-bko-da-birnese-zyl-bala-sje-almagan-jeldi-hikaasy-foto/

pixel