Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еуразия ұлттық университетінің еріктісі: Ешқандай ақшаға сатып ала алмайтын құндылыққа ие болдым

Опубликовано:

Еріктілер
Фото: Тулеуова Айгүлдің жеке мұрағатынан

Биыл еліміздегі еріктілер қозғалысы дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты десек те болады. Себебі, 2020 жыл Қазақстанда ресми түрде «Еріктілер жылы» деп жарияланған болатын. Жалпы елімізде еріктілер саны күн санап артуда. Солардың бірі қазіргі күні Еуразия ұлттық университетінің қызметкері, үш баланың анасы Тулеуова Айгүл Әшірханқызы.

Айгүл Ашірханқызының айтуынша, ол Түркістан облысы Кентау қаласының тумасы. Мектеп кезінен тарих пәнін жақсы көріп, ерекше ықылас танытқан.

Қазіргі таңда Айгүл Әшірханқызы Еуразия Ұлттық университетінің Әлеуметтік және азаматтық даму депатаментінде психолог маман болып жұмыс істейді. Өзінің мамандығына сәйкес, өзін-өзі тануға, жасөспірімдер және балалар психологиясы бойынша ізденуден жалықпайды.

Айгүлдің айтуынша, ол еріктілікпенн студент кезінен бастап айналысып келеді.

«Студенттік шағымда ерікті болып көптеген жұмыстар атқарғанбыз. Мамандығымзға сай қарттар үйлеріне, балалар үйлеріне көптеп барып отырдық. Сол кезден қалыптасқан дәстүр болар, оқу бітіріп жұмысқа орналасқан соң да аталмыш істі қолға алып, мұқтаж жандарға жанымыздағыдармен бірлесе отырып көмектесуге тырысып жүрміз» ,- дейді жас маман.

Еріктілер
Фото: Тулеуова Айгүлдің жеке мұрағатынан

Ал қазіргі таңда ол еріктілікпен айналысудан ләззат алады.

«Биылғы жыл еріктілер жылы болғандықтан, біздің оқу орнымыз «ENU Volunteers» жобасын ұйымдастырды. Ал біз өз тарапымыздан сол жобаны жүзеге асыруға атсалыстық. Онда қайырымды орта деген бағыт бар. Мен және менің ерікті студенттерім бірден ойланбастан осы бағытты қолға алдық. Біз ерекше күтімді қажет ететін балалардың аздап болсын көңілін аулап, қуаныш сыйлауға тырыстық. Себебі жабырқаған жанның көңілін көтеру де - өте сауапты іс. Әрі қайырымдылық жасау - адамға жан рахатын сыйлайды, қолыңдағы барыңа қанағат етуге үйретеді», - деп бөлісті ол.

Айгл Әшірханқызы еріктілік қызметпен айналысу көптеген құнды дүниелерді бойға сіңіруге сеп болады деген пікірде.

«Еріктілік қызметте алатын Ең құнды дүние - сананың ашылуы, түсінігің мен қанағатыңның көбеюі. Ешқандай ақшаға сатып ала алмайтын құндылықтар бұл. Себебі қазір көптеген адамның депрессияға ұшырауы, отбасын бұзуы, түрлі зұлымдықтарға баруы - қанағатсыздықтың кесірі, меніңше. Жаратқанның берген жақсылығын көре алмағандықтан, бағалай алмағандықтан осылай болып жатыр деп ойлаймын. Ал шын мәнінде тағдырдың тәлкегіне түсіп, бал өмірді аңсайтын жандармен сөйлескенде түсінігің мүлде өзгере бастайды», - деген ол ерікті болу арқылы өз бойындағы сабырсыздық, уайымшылдық, жалқаулық сияқты қасиеттерді жеңуге көмектескен.

Еріктілер
Фото: Тулеуова Айгүлдің жеке мұрағатынан

«Денің сау, барлық мүмкіндігің бар болып тұрғанда еңбектенбей отыру – ұят», - деп санайды ол.

«Мен ең алдымен анамын. Балаларыма жақсы тәрбие беріп, өз ісіммен үлгі көрсетуім керек. Сондықтан психологияны зерттеу, еріктілік қызмет осы мақсаттырымның негізгі көзі деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, мамандығым - өміріме айналған», - дейді Айгүл.

Өкінішке қарай, Айгүл пандемия кезінде еріктілік қызметін жалғастыра алмаған. Оған себеп, коронавирус дерті оның өзі мен жақындарын да айналып өтпепті.

«Өкінішке орай, осы пандемия кесірінен бірнеше жақынымыздан айырылдық. Өзім де аздап сырқаттанып тұрдым. Сондай қиындықтармен күресіп жүріп, ерікті болуға мүмкіндік болмады», - дейді маман.

Еріктілер
Фото: Тулеуова Айгүлдің жеке мұрағатынан

Айгүл, еріктілікпен кез келген қалаған жан айналыса алатынын айтады. Ол үшін ең бастысы, еңбек етіп, тер төгу керек.

«Еріктілікпен айналысудың ешқандай қиындығы жоқ. Бар болғаны ерінбей, аянбай еңбектенуің керек. Алға жетелейтін мотивация тек қаржы алу емес, ішкі бір жақсылық жасауға ұмтылысың болуы керек сияқты. Жақындарымның барлығы толықтай қолдайды. Бастысы үй шаруасы мен балаларыма қажет уақыт бөле алсам болды», -деді ол.

Еріктілер
Фото: Тулеуова Айгүлдің жеке мұрағатынан

«Жас еріктілерге айтарым, адамға жасаған жақсылықтарыңыз Алладан мың есе болып қайтсын! Бұл сауапты іс сіздерді тек алға жетелейтініне сенемін. Елімізде еріктілер көбейсін!», - деп жылы лебізін білдірді университет маманы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873537-eurazia-lttyk-universitetini-eriktisi-eskandaj-aksaga-satyp-ala-almajtyn-kndylykka-ie-boldym/

pixel