Бейсен Құранбектің әкесі өмірден өтті
Жарияланған күні:
Белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбектің асқар тау әкесі Абай Құранбеков дүние салды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Қаралы хабарды фотограф, журналист Жеңіс Ысқабай Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жеткізді.
"Ол жаққа да жақсы адам керек екен. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, Абай ақсақал!", - деді ол.
Марқұмның неден қайтыс болғаны туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.
KAZ.NUR.KZ порталы Абай Құранбековтің отбасына қайғыра көңіл айтады.
Еске сала кетейік, кеше 18 мамыр күні танымал журналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері, алаштың арыстай азаматы Бейсен Құранбек 49 жасына қараған шағында қайтыс болды.
Оның қазасына көптеген ел тұрғындарының қабырғасы қайысып, өзегі өртенді. Бірқатар танымал адамдар тележүргізушінің жақсы қасиеттерін еске алса, ақындар өлең жолдарын арнады.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов белгілі журналистің қазасына орай, оның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтты. Сонымен қатар, өңір басшысы Бейсен Құранбекті соңғы сапарға шығарып салу облыс деңгейінде өтетінін мәлімдеп, ол үшін арнайы комиссия құруды тапсырған.
19 мамырда Талдықорған қаласындағы "Журналистер үйінде" Бейсен Құранбекпен қоштасу рәсімі өтті.
Кейінірек белгілі тележүргізушінің анасы да өмірден өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1875952-bejsen-kranbekti-kesi-mirden-tti/