Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өміріңді түбегейлі өзгертеді: ЕҰУ студенті ерікті болудың айрықша әсері туралы айтты

Опубликовано:

сәлімгереев
Фото: Жеке мұрағат

Бүгінгі күннің абыройлы ісі – ерікті болу. Қазіргі күні көптеген жан ерікті болуды өзінің азаматтық борышы санайды. Еуразия ұлттық университетінің студенттері үшін де ерікті болу өмірдің бір бөлшегіне айналған. Оқу орнының қабырғасында білім алып жүрген тәлімгерлер еріктілікпен ұдайы айналысып келеді. Kaz.Nur.kz порталына сұхбат берген студент оқу ордасындағы еріктілер орталығы туралы айтып берді.

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының тумасы Сәлімгереев Аян Сәкенұлы аталған оқу орнын биыл тәмамдамақ. Қазіргі таңда ол 4-ші курс студенті. Айтуынша, ерікті болу – өміріңді түбегейлі өзгертеді. Еңбеккқор студент өзі туралы ақпаратпен бөлісті.

«Мектепті алтын белгіге бітірдім, барлық пәнді сүйіп оқыдым десем асырғаным емес. Себебі, мектеп қабырғасындағы басты міндетім білім алу екенін түсіндім. Қазіргі уақытта 4-ші курс студентімін, болашаққа жоспарым бар: бұйырса, бакалаврды бітірген-соң магистратура оқысам ба деймін», - дейді болашағынан зор үміт күттіретін жас.

Еріктіліктен бөлек, Аян гитара тартып, спортпен айналысқанды жақсы көреді.

«Қызығушылығым өте көп, дзюдо спортына қатысқанмын, гитара тартамын, кітап оқығанды, ақындардың өлеңдері мен нақыл сөздерін жаттағанды жақсы көремін. Сонымен қатар өзіме рухани азық болатын дүниелерді зерттей жүремін және соның бәрін жан-тәніммен жақсы көріп істеймін»,-дейді ол.

Еріктілік өмірі туралы сыр шерткен студент алғаш бұл іске ден қойғандағы әсерлерімен де бөлісті.

сәлімгереев
Фото: Жеке мұрағат

«Ерікті болу адам өмірін қатты өзгертеді, ал еріктілік қозғалыс кезіндегі оқиғалар адамды шүкіршілікке, адамгершілікке, парасаттылыққа тәрбиелейді. Ерікті болған 4 жылымда көптеген оқиғалар болды, оның ең әсерлісі қарттар үйіне барғандағы ата-әжелеріміздің қыймастығы. Мен еріктілер қатарына қосылғанда өзімнің орнымды тапқандай әсерде болдым.

Ерікті болған жылдарымда көптеген жобалар ұйымдастырдық. Нақтырақ айтар болсам, 7 тармақтан тұратын «Жан жылуы» жобасы. Бұл жоба аясында «Темекіге – алма»; «Қартың – асыл қазынаң»; «Отбасы – адам тірегі»; «Кел, шәй ішейік»; «Қолыңнан келсе, қамқор бол», т.б. қоғамға мотивациялық, мұқтаж адамдарға моральді, материалдық азық болатын жұмыстар жасадық», - деп бөлісті ол.

сәлімгереев
Фото: Жеке мұрағат

Бұдан бөлек, Аян ЕҰУ қабырғасында ашылған еріктілер орталығы туралы да кеңінен әңгімелеп берді.

«Біздің білім ордамызда еріктілік өте жоғарғы дәрежеде таралған, яғни білім ордамыздағы Әлеуметтік және азаматтық даму департаменті, университет басшылығы еріктілік қозғалысты ерекше қолдайды. Бұған дәлел, ЕҰУ-де өткізілетін қайырымдылық жәрмеңкелердің өткізілуі, ерікті студенттердің ұсынған жобаларына берілетін қолдау және еріктілік қозғалысты қолдай отырып, студенттердің қызығушылығын арттыруы.

ЕҰУ-де арнайы еріктілік, қайырымдылық ұйымдары бар, яғни, айта кетер болсақ «Qamqor» еріктілер одағы, «Gezellig» қайырымдылық ұйымы және т.б.», - дейді Аян.

Аянның сөзінше, ерікті болу адамның тұлғалық дамуына орасан зор әсерін тигізеді. Әсіресе, жастардың бойындағы адами құндылықтарды қалыптастыруда еріктілік таптырмас құралдардың бірі, -дейді ол. Айтуынша, еріктілік ең алдымен оның бойындағы қайырымдылық, жанашырлық, жомартық қасиеттерін арттыра түскен.

сәлімгереев
Фото: Жеке мұрағат

Сондай-ақ, әңгіме барысында Аян өзінің ерікті болғандағы басынан өткен жайттармен де бөлісті. Мәселен, белсенді студент бірінші сыныпта жүріп-ақ өзінің қайырымдылық ұйымын ашып, еріктілік қызметінің одан әрі дами түсуіне жол ашқан.

«Ерікті болған кезімдегі ең қызық оқиғам, ол еріктілікке келген кезім. Ауылдан келген бірінші курс студентімін. Мектеп кезінен белсенді болғандықтан университет қабырғасында сол белсенділігімді арттырғым келді. Жастар ұйымдарына тіркелмеген соң не істерімді білмей терең ойға баттым. Сол оймен көшеде келе жатып, дүкеннің алдында қайыр сұрап отырған қарт кісіні көрдім.

Бала шағымнан ата-әжемнің қолында өскендіктен болар, бей-жай қарай алмай, қалтамдағы соңғы ақшамды беріп кеттім. Сонда әлгі кісі «Жолың ашық болсын, осы қайырымды мінезіңнен айырылма, қарғам» деп батасын берген еді. Үйге келгеннен соң, атамның «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөзін бетке ұстап, факультет қабырғасында «Gezellig» қайырымдылық ұйымын ашуға бел будым. Сол сәттен бастап, егер сен әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен бастаған жөн екенін түсіндім», - деп есіне алды жас ерікті.

Айта кету керек, Аян бастаған университет еріктілері ел басына күн туып, пандемия жағдайы орын алған кезде де халық арасында жүрді. Көптеген отбасыларға көмек көрсетіп, Елбасының арнайы мақтау қағазын да алған.

сәлімгереев
Фото: Жеке мұрағат

«Пандемия кезінде 50-ден астам отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетілді: өзімнің тұрғылықты жерімде кәсіпкер ағаларымыздың көмегімен ет таратылды, қолымыздан келгенше қашықтықта оқуға қажетті ұялы телефонмен де қамтыдық. Осы еңбектер үшін Елбасының мақтау қағазымен марапатталдым», - дейді Аян.

«Еріктілік қызметтің ең қиын тұсы – кейбір адамдар санатынан келетін түсінбеушілік, қате пікірлер, - дейді жас маман. Мәселен, мотивация ретінде әлеуметтік желілерге жарияланатын жазбаларды көптеген қолданушылар дұрыс түсінбей жатады екен. Алайда, бұл тұста жақын жандар мен туыстардың қолдауы ерекше шабыт сыйлап, күш береді», - деп бөлісті студент.

«Туыстарым, жақындарым, достарым бұл қызығушылығымды өте қатты қолдайды, көбіне әлеуметтік желіде қайырымдылыққа қажетті материалдық көмек жинаған кезде көптеген жақындарым зор қолдау білдіреді.

Ең бастысы, халықтың ойынан шығу үшін қайырымды, кең болу керектігін ұмытпаңыздар және бастаған істі соңына дейін жеткізу керек. Жоғарыда айтқандай, егер әлемді өзгерткіңіз келсе өзіңізден бастаңыз, ешқашан берілмеңіз: қаражаттың жоқтығы, мүмкіншілік жоқ деген сылтаулар іштеріңіздегі жалынның сөнуіне себепкер болмасын. Еріктілікті бастаған кезімде демеушілер, әлеуметтік желідегі қолдаушылар аз болғандықтан, шәкіртақымды сол жолға қиятынмын, сіздердің де іштеріңіздегі жалын мен белсенділік өздеріңізді табуға зор септігін тигізсін», - дейді Аян.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1876701-miridi-tbegejli-zgertedi-eu-studenti-erikti-boludy-ajryksa-seri-turaly-ajtty/

pixel