Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Білім және ғылым министрі ұстаздарды құттықтады

Опубликовано:

Білім және ғылым министрі ұстаздарды құттықтады
Асхат Аймағамбетов. Фото: primeminister.kz

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстан мұғалімдерін кәсіби мерекесімен құттықтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Аймағамбетов құттықтауын өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

"Біліктілігі жоғары, беделі мықты, қоғамда құрметке бөленген мұғалімдерсіз мемлекеттің жарқын болашағын елестету қиын. Себебі экономиканың, мәдениет пен тұтастай қоғамның дамуы сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесіне тікелей байланысты. Ұстаз болу – жүректің таңдауы, жанның қалауы. Бұл жұмыс асқан жанкештілік, зор шыдамдылық пен балаларға деген махаббатты талап етеді. Еліміздің бетке ұстар азаматтарын тәрбиелеп, жауапкершілігі мол және абыройлы міндетті атқарып жүрсіздер. Оқушыларыңыздың жеңістеріне қуанып, сәтсіздіктеріне бірге қынжыласыздар, қиналған шақтарында қолдау көрсетесіздер", – деп жазды министр.

Білім министрі еліміз әрбір ұстаздың мемлекет дамуына қосып отырған үлесін аса жоғары бағалайтынын айтты. Оның бірден бір дәлелі – "Педагог мәртебесі туралы" Заңның қабылдануы.

"Осы Заңның қабылдануы, шын мәнінде, еліміз үшін аса маңызды болды, сондықтан Мемлекет басшысының ұстаздар қауымына көрсеткен қолдауы үшін алғысымыз шексіз. Заңда мұғалімдердің тек әлеуметтік кепілдіктері ғана емес, сонымен қатар құқықтары мен міндеттері де ресми түрде бекітілген. Бүгінгі таңда ұстаздар қауымы артық есептілік пен қызметіне жатпайтын функциялардан заң жүзінде босатылды. Заңдағы нормалардың мүлтіксіз іске асырылуы қамтамасыз етілуі тиіс", – деді Аймағамбетов.

Министр пандемия кезінде ұстаздардың еңбегінің маңыздылығын атап өтті.

"Коронавирус пандемиясы уақыттың сын-қатеріне ілесіп қана қоймай, осындай кезеңде көшбасшылық қасиетке ие болудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Осынау күрделі кезең мұғалімдердің қоғамдағы рөлі мен маңызын тағы бір айқындап берді", – деп жазды министр.

Білім және ғылым министрі жазбасын мұғалімдер қауымына арналған ізгі ниеті әрі ақжарма тілегімен түйіндеді.

"Баршаңызға осы қиын міндетті абыроймен атқарып жатқандарыңыз үшін және қолдау білдіріп отырғандарыңыз үшін алғыс айтамын.

Біз мұғалімдердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әлеуметтік кепілдіктерді арттыруға, осы мамандыққа ең лайықты түлектерді тартуға бағытталған жұмысымызды одан әрі жалғастыратын боламыз.

Мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға береке, шығармашылық табыстар тілеймін! Жақындарыңыздың ықыласы мен құрметіне бөлене беріңіздер!",– деп қорытындылады Аймағамбетов.

Еске салсақ, мемлекет басшысы мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Оған қоса, Қазақстанда мұғалімдер күні қарсаңында үздік ұстаздар марапатталды. "Үздік педагог" атанған 64 мұғалімге төсбелгі мен 2 778 000 теңге сыйақы табысталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1877691-bilim-zne-gylym-ministri-stazdardy-kttyktady/

pixel