Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елбасы кубогі сарапқа салынған "үлкен аламан" бәйгеде Тілеуханның тұлпары топ жарды (видео)

Опубликовано:

Аламан бәйге Бақторы
Кадр видеодан алынды: youtube.com/Rizabek Nussipbek

20 қазанда елордадағы "Қазанат" ипподромында Елбасы кубогі үшін ат жарысы өтті. Кіл жүйріктер сыналған "үлкен аламан" бәйгеде Бекболат Тілеуханның "Бақторы" атты тұлпары бас жүлдені қанжығасына байлаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"Нұр-Отан" партиясының қолдауымен Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырған бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген жүйріктер "жорға жарыс", "құнан бәйге", "кіші аламан", "үлкен аламан" секілді жарыс түрлерінен бақ сынаған.

Жүлде қоры 20 миллион теңге болған бәйге 7 шақырымдық "жорға жарыспен" басталған. Бұл жарыста Бикенова Аягөз баптаған "Филипс" есімді сәйгүлік бірінші келген.

Ал 9 шақырымдық "құнан бәйгеде" Сұлтан Жоланұлының "Талхиз" атты тор құнаны бірінші болып мәреге жетсе, 16 шақырымдық "кіші аламан" бәйгеде Бөбекбай Секенайдың "Қарлығаш" атты тұлпары алдына қара салмаған.

Нағыз тұлпарлар сыналған "үлкен аламан" бәйге ерекше тартысты өткен. Бұл жарыста кіл жүйріктер арасынан бабы мен бағы қатар шапқан Бекболат Тілеуханның "Бақторы" атты тұлпары бас жүлдені қанжығасына байлаған.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның сәйгүлігі 5 млн теңге мен арнайы кубокті жеңіп алды.

Айта кетейік, қазан айының басында Қызылорда тұрғындары Жаңақорғанда белгісіз дерттен 200 жылқы қырылып қалғанын айтып, дабыл қаққан болатын. Облыстық ветеринарлар Жаңақорған ауданындағы 4 ауылда індет тіркелгенін растады.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Ақтөбедегі жұмыс сапары кезінде мал шаруашылығын аралап, асыл тұқымды жылқыларға таңдай қаққан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1880658-elbasy-kubogi-sarapka-salyngan-lken-alaman-bjgede-tileuhanny-tlpary-top-zardy/

pixel