RU

Екі-үш аптадан кейін байқалады: COVID-19 балалар үшін несімен қауіпті

Маска таққан бала
Көрнекі фото: pixabay.com

Нұр-Сұлтандағы №1 қалалық көпсалалы балалар ауруханасының жоғары санатты педиатры Әсел Шаймердинова корнавирустың балаға тигізетін зардаптары туралы айтып берді деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Маманның сөзінше, балалар ересектерге қарағанда аз ауырып, кішкентайлар үшін дерт жеңіл өтеді.

"Бірақ егер екінші толқын болса, одан әрі не болатынын көреміз. Даму ақаулары, эндокриндік бұзылулар, аллергиялық аурулар, онкологиялық патология, иммунитет тапшылығы жағдайы сияқты ілеспе аурулары бар балалардың коронавирус инфекциясына төтеп беруі дені сау балаларға қарағанда қиын болады", - деді педиатр.

Алайда ата-аналарға баланың аурудан кейінгі жағдайына назар аудару ұсынылады, өйткені мульти қабыну синдромы пайда болуы мүмкін.

"Мульти қабыну синдромы қазіргі кезде өте өзекті мәселе. Бұл COVID-19-ға ағзаның кешіккен иммунологиялық жауабы. Ауру түрі симптомды немесе симптомсыз болғаны маңызды емес. Екі-үш аптадан кейін жоғары температура, бөртпе, конъюнктивит, лимфа түйіндері, алақан мен аяқтың ісінуі пайда болады, мұны біз баладан сырттай байқай аламыз", - деп атап өтті Әсел Шаймердинова.

Бұл жағдайда, оның айтуынша, бірқатар тексерулер жүргізу және белгілі бір ем тағайындау үшін міндетті түрде ауруханаға жатқызу қажет.

Еске сала кетсек, денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят екінші тоқсанда оқушылар қандай форматта оқитынын айтып берген еді. Балалардың мектепке баруы жөнінде мәселе елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады

Айта кетейік, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 110 мыңнан асты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881543-eki-s-aptadan-kejin-bajkalady-covid-19-balalar-sin-nesimen-kauipti/