Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ШҚО-да жерлестеріне көпір салып берген ауыл азаматтары көптің алғысына бөленді (фото)

Жарияланған күні:

Ауыл тұрғындары көпір үстінде отыр
Фото: NUR.KZ

Көп түкірсе көл. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Көктал ауылының мектеп түлектері жерлестеріне аспалы көпір салып берді. Елдімекен тұрғындарына мұндай сыйды мектеп бітіргеніне биыл 30 және 20 жыл толған ауыл азаматтары жасап отыр. Енді шаруалар ені 100 метрлік Қатынсу өзенінің арнасынан малын оңай айдап өте алады. Өзенге лайықтап жасалған көпірді қарапайым мектеп мұғалімі жобалаған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Көпір құрылысының басы-қасында жүрген Ахат Ракишов бұл істі дабыра қылуды аса қажет етпеді. Алайда ауыл тұрғындарына ең қажет құрылыс жұмысын қолға алған азаматтардың еңбегі айтуға тұрарлық бастама.

Ахат Ракишов Көктал ауылының көпірінде
Фото: жеке мұрағат

Ахат Ракишов ауыл мектебінде Графика және жобалау пәнінен сабақ береді. Ауыл мұғалімі халыққа мешіт, мектеп емес неге нақты көпір салып беру идеясының туғанын айтып берді.

«Көпір салу қажеттіліктен туындады. Өзеннің арнасы кең, асты ұйық. Арғы жағада адамдар тұрмайды, бірақ төрт түлік мал сол бетке өтіп жайылады. Арғы бетте бірнеше қыр бар. Оның үстіне, "мал түгендегенде ауыл тұрғындары арғы жаққа қиналмай өте алатын болса" деген ойда болдық. Ақылдаса келе 1973, 1983 жылы осы ауылда туып-өсіп, түлеп ұшқан жастар жерлестерімізге көпір салып беру туралы шешім қабылдадық. Бұл өзенге тіреу көпір жарамайды, көктемде жер ерігенде құлап, істен шығуы мүмкін. Сондықтан аспалы көпір лайықты шешім деп ойладым», - дейді Ахат Ракишов.
Үржар ауданындағы аспалы көпір
Фото: NUR.KZ

Көпір құрылысының аяқталуына сәл ғана уақыт қалды. Ахаттың айтуынша, көпірді орнатуға шамамен 10 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты.

Ахат осы ретте көпірдің аяқталуына көп көмегі тиген жандарға алғысын айтты.

«Ауылым деген азаматтар өз шамасына қарай қаражат жағынан көмектесіп отырды. Жергілікті Дархан Есполов деген ауыл азаматы көпірге қажетті тақтайларды әперді. Тіпті ауылымызға жезде болып келетін Дархан есімді азамат та қол ұшын беріп, қаладан жүк көлігімен құрылыс материалдарын жеткізіп берді», -дейді ол.

Өкінішке қарай, Көктал ауылының тұрғындары интернет желісі тұрмақ, мобильді телефон байланысының қызығын көре алмай отыр. Материалға қажет аспалы көпірдің суретін алу KAZ.NUR.KZ тілшісіне де қиынға соқты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882095-sko-da-auyl-azamattary-zerlesterine-kpir-salyp-berdi-foto/