Тайваньда 200 күннен бері коронавирус жұқтырған адам тіркелмеген
Жарияланған күні:
Әлем елдері коронавирустың екінші толқынының алдын алуға тырысып жатқанда, Тайвань COVID-19 жұқтыру дерегі тіркелмегеніне 200 күн болғанын атап өтті деп жазады CNN.
23 миллион халқы бар аралда коронавирус жұқтыру жағдайы соңғы рет 12 сәуірде тіркелген.
Ал 30 қазандағы дерек бойынша індет басталғалы бері жалпы Тайваньда 554 адамнан ғана коронавирус анықталған, жеті адам қайтыс болған.
Мұндай нәтижеге Тайвань қатаң карантин шараларын енгізбей, оның орнына жылдам әрекет етуінің арқасында қол жеткізген. Мәселен, 2019 жылдың 31 желтоқсанында Тайвань билігі Уханьнан келетін жолаушыларды тексеруді бастап кеткен.
Тайваньда 2020 жылдың 21 қаңтарында коронавирус жұқтырған алғашқы адам тіркелген. Осыдан кейін жергілікті билік Ухань тұрғындарының аралға келуіне тыйым салған.
Қытай, Гонконг пен Макаодан келетіндердің барлығы міндетті медициналық тексерістен өткен. Бұл шаралар 23 қаңтарда Уханьда локдаун енгізілгенге дейін орындалған.
Ал наурыз айында Тайвань дипломаттар мен арнайы визасы бар адамдарды қоспағанда, шетелдік азаматтардың аралға келуіне тіпті шектеу қойды.
Тайвань сыртқы істер министрі Джозеф Вудың айтуынша, 2003 жылы болған өткір респираторлық синдромнан кейін (SARS) билік пандемиямен күрес әлеуетін арттыру үшін жұмыс істеген.
Айта кетсек, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны күннен күнге артуда. Мәселен өткен тәулікте COVID-19 инфекцияcы 392 адамнан анықталғаны белгілі болды.
Ал 29 қазанда 268 азаматтың коронавирус жұқтырғаны анықталған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882362-tajvanda-200-knnen-beri-koronavirus-zktyrgan-adam-tirkelmegen/