Экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады
Опубликовано:

Әлеуметтік желіде аса ірі көлемде ақша жымқырғаны үшін бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Тараған хабарламада 30 қазан күні ҚР ҚМ ҚМК Тергеу департаменті қызметкерлері бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты ұстап, Нұр-Сұлтан қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамағаны туралы айтылған.
Сондай-ақ, Біртанов интеграциялық платформаны сатып алуға бөлінген 526 млн теңгеден аса бюджет қаржысын жымқырған деген күдікке ілінгені хабарланған. Бірқатар БАҚ өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктің ұсталғанын жариялап жатыр.
Алайда, бұл жаңалық әлі ресми түрде расталмады да, теріске де шыққан жоқ. ҚР ҚМ Қаржы мониторингі жөніндегі комитет қазір аталған ақпаратқа қатысты пікір білдіре алмайтынын хабарлады.
"Бұрынғы Денсаулық сақтау министріне қатысты тергеу әрекеттері туралы мәліметтер ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді",- деді ведомствода.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 25 маусым күні қызметтен босатылған еді. Көп ұзамай экс-министр денсаулық жағдайына байланысты жұмыстан босату туралы өзі өтініш жазғаны белгілі болды.
"Мемлекет басшысы бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты денсаулық жағдайына байланысты берген өтінішіне сәйкес қызметінен босатты.
Елжан Біртанов отставкаға кету туралы берген өтінішінде өзінің ауыруына байланысты және қосымша емдеуді қажет етуіне орай денсаулық сақтау саласына толыққанды басшылық жасау, әсіресе, эпидемиологиялық жағдайдың асқынуы жағдайында қиын болып отырғанын атап өтті.
Ол денсаулық сақтау министрі қызметінде күнделікті жүйелі жұмыс істеп, министрліктің барлық құрылымдарына тұрақты түрде қатаң бақылау және шұғыл басқару жұмыстары талап етілетінін айтты", - деп хабардар етті үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882441-eks-densaulyk-ministri-elzan-birtanovty-stalgany-turaly-akparat-tarady/