Шығыс Қазақстан облысында 13 санитарлық бекет қойылды
Жарияланған күні:
Шығыс Қазақстандағы коронавирус жағдайына алаңдаған жергілікті билік шектеу шараларын күшейтті. Бүгіннен бастап шығыста санитарлық 13 бекет қойылды деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.
Қазақстанда өткен тәулікте тағы 465 адам коронавирус жұқтырған. Оның 252-сі Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Аймақта індеттің ілмегіне ілінгендер тым көбейіп кетті. Бұған алаңдаған жергілікті билік шектеу шараларын күшейтті. Бүгіннен бастап шығыста санитарлық 13 бекет қойылды.
Оның жетеуі Өскемен қаласының кірер-шығар жолдарында болса, тағы алтауы аудан-қалалардың аумағында болады. Сондай-ақ көрші елдермен шектесетін шекара бекеттеріне де орнатылды.
Эпидемиолог мамандар жағдайды сараптай келіп, дерттің дендеуінің әзірше ең негізгі бірнеше себебін атады. Карантин болса да халық қарапайым қауіпсіздік ережесін елемейді. Қоғамдық орындарда бетперде тақпайды. Сондай-ақ алыс-жақын ауыл, қала, тіпті көрші елге барыс-келіс тым жиілеп кеткен. Той-томалақ пен отбасылық басқосу да азаймай тұр.
Сондықтан жағдай одан сайын ушықпас үшін аймақтағы мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің карантин ережесі бойынша бұған дейін шығарған қаулысына тағы өзгеріс енгізілді.
Күшейтілген карантиндік ереже аймақта жағдай тұрақталғанша сақталатын болады. Ал санитарлық бекеттердегі мамандар кезекшілікпен тәулік бойы жұмыс істейді. Яғни ары-бері өткен жолаушылардың дене қызуын өлшейді. Ал азық-түлік, дәрі-дәрмек пен басқа да тауар түрлерін тасымалдауға еш кедергі жоқ. Тек оны дәлелдейтін құжаты болуы тиіс.
Еске салсақ, өткен тәулікте елімізде 90 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шыққаны туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882501-sygys-kazakstan-oblysynda-13-sanitarlyk-beket-kojyldy/