RU

Измирде 65 сағат үйінді астында жатқан үш жасар қыз бала құтқарылды (фото)

Измирде үш жасар қыз құтқарылды
Фото: Анадолу агенттігі

Измир қаласында 65 сағаттан соң үйінді астынан үш жасар қыз бала құтқарылды деп хабарлайды Анадолу агенттігі.

Элиф Перинчек Түркиядағы жер сілкінісінен кейін қирандылар астынан табылған 106- тұрғын болды. Бүлдіршін жақын маңдағы ауруханалардың біріне жеткізілді.

Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою басқармасының (AFAD) басшысы Мехмет Гүллүоғлу баланың құтқарылғанына қуанышты екенін айтты. Ал Элифтің туыстары мұны ғажайыпқа теңеп отыр.

Осыған дейін құтқарушылар үйінді астынан 14 жастағы Иддиль Ширинді алып шыққан еді.

Соңғы мәліметтер бойынша, Измирдегі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 79-ға жеткен. Зардап шеккен 963 адамның 743-і ауруханадан шыққан, 219 адамның ем қабылдауын жалғасып жатыр.

Іздеу-құтқару жұмыстары сегіз тұрғын үйдің үйіндісінде жүргізілуде.

Түркия жағалауындағы алғашқы жер сілкінісінен кейін Эгей теңізінде 1120 әлсіз жер асты дүмпулері тіркелген. Ал 43 жер асты дүмпуінің магнитудасы 4 балдан асқан.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бұған дейін жер сілкінісінің салдарын жою үшін мемлекетте барлық қажетті ресурc әзірленгенін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы үйлерінен айырылған барлық азамат жаңа пәтер алатынын айтты.

Айта кетейік, Түркиядағы жер сілкісінен зардап шеккендер қатарында қазақстандықтар жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882603-izmirde-65-sagat-jindi-astynda-zatkan-s-zasar-kyz-bala-ktkaryldy-foto/