RU

Төрт ай бұрын коронавирусқа қарсы екпе салдырған қазақстандық бүгінгі жағдайын айтты

Қайсар Табынов1
Қайсар Табынов. Фото: facebook.com/kaissar.tabynov

Коронавирусқа қарсы вакцинаны алғашқылардың бірі болып салғызған Қазақ ұлттық аграрлық университетінің халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов қазіргі жағдай туралы айтты Sputnik Қазақстан.

Қайсар Табыновқа COVID-19-ға қарсы вакцина осыдан төрт ай бұрын салынған еді.

Оның сөзінше, екі ай бойы антиденелерді тексеріп отырған. Дегенмен кейін тексермеген.

"Қазіргі уақытта жағдайымды зерттеп жатырмын. Соңғы рет тексергенде 12 логарифм болды немесе титр 1:4000. Вакцина салғызғаннан кейін екі айдан соң айтарлықтай титрлар байқалды", - деді Табынов.

Алайда маманның сөзінше, бұл қорғау көрсеткіші емес. Вакцина қорғап-қорғамайтынын білу үшін адамдар коронавируспен ауырып жатқан госпитальге баруым керек екенін айтады.

"Сол ортада болғанда ғана вакцинаның нақты күші байқалады", - дейді вирусолог.

Сонымен қатар Қайсар Табынов ақпан айында Еуропаға барып, коронавирус жұқтырған ғалымды мысалға келтірді. Ол антиденелерді тексеріп отырған. Бірақ 5 айдан соң коронавирустың мутацияға ұшыраған түрін қайта жұқтырған.

"Сол кезде стационарда болып, қорғаныш киімінсіз ковид жұқтырған науқастарға көмектескен. Ол вирустың әжептәуір дозасын жұқтырды", - дейді Табынов.

Сондықтан вирусолог маман екпе салынса да, қорғаныс құралдарын қолдануға бей-жай қарауға болмайтынын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның әзірлену барысы туралы айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882717-trt-aj-bryn-koronaviruska-karsy-ekpe-saldyrgan-algasky-kazakstandyk-bgingi-zagdajyn-ajtty/