RU

Ақтөбеде мұнай мен газдың үстінде отырып, жол азабын тартқан тұрғындар жанайқайын айтты (фото)

Ауыл
Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде мұнай мен газдың үстінде тұрған ауылдың жайы мәз емес. "Шалқардың Щвейцариясы" атанып кеткен Ақтөбедегі Шалқар ауданы Бозой ауылының тұрғындары президенттен көмек сұрайды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Халық отыз жылдан бері министрлер мен әкімдерге арыз жазып шаршаған. Кеңес заманынан бері жолы жөндеу көрмеген ауылдың келіндері ауданға жете алмай далада босанып, құндақтаулы баламен 220 шақырымдық жөнделмеген жолдың азабын тартып жүр.

Ауыл
Фото: KAZ.NUR.KZ

Бозой ауылында мұнай және газ өндірумен айналысатын бірнеше шетелдік компания бар. Ауыл халқы өндірісі мен ауыл шаруашылығы дамыған өңірде жол мәселесін шеше алмай отырған жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. Жол азабын тартқан бозойлықтар мұнайлы өлкенің мұңына президенттің араласуын сұрап отыр.

"Ауылда жол жоқ. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жол мәселесін көтеріп келеміз. 30 жыл болды. Бармаған жер, жазбаған атқамінер қалмады. Жол мәселесі сол күйі шешілген жоқ. Кеңес үкіметі кезінде салынған 25 шақырым тас жол бар. Жол деген аты ғана! Батып қалғандарды халық өздері көмектесіп шығарып алады. Аудан орталығы мен ауыл арасы 220 шақырым. Жаз кезінде 5-6 сағат жүрсек, қарлы-боранды күні екі араға 10 сағатта әрең жетеміз. Бірнеше облыс әкімі ауылға жол салынатынын айтып уәде беріп кеткен. Бірақ бәрі де уәде күйінде қалды", - дейді ауыл ақсақалы Қаршыға Жанұзақов.

Ауыл
Фото: KAZ.NUR.KZ

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан Бозой ауылында 3 мыңға жуық халық тұрады. Ауылдың үстінен екі бірдей магистральдық газ құбыры өтіп жатыр. Бірнеше мұнай өндіру кен орны бар. Шөлейтті аймаққа жататын ауылға 110 шақырым жердегі Айшуақ ауылынан құбырмен су жүргізілген.

Жергілікті тұрғындардың дені ауылдағы ірі компанияларда жұмыс істейді. Тұрақты жұмыс болған соң халық жарамсыз жолға да, аурухананың жоқтығына да шыдап, ХХІ ғасырда интернетті армандап күн кешуде.

Ауыл
Фото: KAZ.NUR.KZ

"Айқайлап айтып жатқан ақпараттық ғасырда интернетсіз күн көріп жатырмыз. Ауыл іргесіндегі Қытай компанияларында талшықты-оптикалық кабель өтіп жатыр. Интернет іздегендер шетелдік компаниялардың ауласын жағалап кетеді. Ауылдан 80 шақырым жердегі Тассай станциясы да интернетпен қамтылған. Интернетке қол жеткізу қиын болып тұр.

Ауылда отырып министрлікке дейін хат жолдадық. Естімейді. Интернеттің жоқтығынан ауылда 600-дей бала мектепке барып оқып жатыр. Айтып жатқан қауіпсіздіктері қайда?! Бұл балалардың арасында ауру тараса, ертең кім, қалай жауап береді?! Себебі аулымызда аурухана да жоқ. Жолымыздың сиқымен орталыққа бір күн жүріп әрең жетеміз", - дейді ауыл тұрғындарының атынан елдің жайын жеткізген Қаршыға ақсақал.

Бозойлықтар ауылдан толғақпен шығып, талай келіншектің орталыққа жетпей босанып қалғанын айтады.

"Ауылымызда аурухана жоқ. 34 жыл жұмыс істеген 25 орындық аурухананы 2006 жылы жауып тастады. Орнында емхана қалды. Министрліктен "егер бір ауруханадан екінші ауруханаға дейінгі қашықтық 50 шақырымнан асса аурухана жабылмау керек" деген жауап келді. Келіндер де, бала да, үлкендер де орталықтағы ауруханаға жете алмай қиналады.

Халық сабылып жүр. Қазақстанның тұңғыш президенті 50 бәсекеге қабілетті елдің қатарына кіру үшін алдыға міндет қойды. Ауруханасы жоқ науқас халық кіммен бәсекелеседі?! Халықты осындай күйге түсіру кімге тиімді? Президенттің айтқаны неге орындалмайды? Айтуындай-ақ айтып жатырмыз ешкім селт етер емес. Президенттен көмек сұраудан басқа амал қалған жоқ", - дейді ауыл ақсақалы.

Ауыл
Фото: KAZ.NUR.KZ

KAZ.NUR.KZ порталының тілшісі ауылдағы халықтың мәселесін көтеріп, аудан әкіміне хабарласты. Олар мәселені шешуге уәде берді.

"Қазір ауылды интернетке қосу сұрағы шешілуде. Екі жерден рұқсатын алып қойдық. Енді "Қазақтелекоммен" келісеміз. Ал аурухана ашу мәселесіне аудан қарсы болып отырған жоқ. Оның өз заңдылығы бар. Халық санына қарайды. Бозойда күндізгі стационары жұмыс істеп тұрған дәрігерлік амбулатория бар. Жедел жәрдем көлігі де қарастырылған.

Жол мәселесіне келер болсақ, ретімен шешіледі. Шалқардан Бозойға қарай трасса салынып жатыр. Қазіргі оның 35 шақырымы бітіп тұр. Келесі жылға Бозойдан ауданға қарай 25 шақырым және Шалқардан ауылға қарай 50 шақырым жол салу жұмыстары жоспарланды", - дейді Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов.

Ауыл тұрғындары жергілікті биліктің қарапайым қоқыс мәселесін реттей алмай отырғанына да ренжиді. Ауыл іргесіндегі қоқыс полигонының да күйі кеткен екен.

Еске салсақ, бұған дейін "қара алтынды" өндіргеніне ғасырдан астам уақыт өтсе де, Мақат ауданы Доссор кентінің тұрғындары ескі үйлерінде тұрып жатқанын жазған едік.

Одан бөлек, еліміздегі жалғыз мұғалімі мен 6 оқушысы бар мектеп туралы жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883855-aktbede-mnaj-men-gazdy-stinde-otyryp-zol-azabyn-tartkan-trgyndar-zanajkajyn-ajtty-foto/