Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында әкімдік ауылдағы тойды тоқтату үшін дрон сатып алды (видео)

Опубликовано:

Дрон
Көрнекі фото: wired.com

Ақтөбе облысы Қобда ауданының әкімдігі дрон арқылы ауылды төбесінен бақылап, бес бірдей тойды тоқтатты. Көктен бейнежазба жасайтын қондырғы мониторинг топ жұмысына көмектестуде. Нәтижесінде ауылдағы екі беташар, бір қыз ұзату және екі үйлену тойы тоқтатылған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Дрон арқылы 9 қараша күні ауыл тұрғынының 30-дан аса қонақ шақырып, той өткізіп жатқаны анықталды. Санитар мамандармен бірге айыппұл салынып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Той тоқтатылды. Қазір аудан әкімдігінде бес дрон бар. Барлығы елдімекендерге таратылды. Әрбір жұма, сенбі, жексенбі күндері дрон ұшыратын жауапты адам мобильді топпен бірге ауыл ішін қарайды.

Алғашқы кезде оны ешкім байқаған жоқ. Қазір ауыл тұрғындары біледі. Дронды тек мобильді топ жұмысына ғана емес, Ресеймен шекаралас болғандықтан тәртіпті бақылауға да пайдаланып отырмыз", - дейді Қобда ауданының әкімі Болат Құлов.

Әкімдіктегілер ауылда киіз үйді жалға беретін кәсіпкерлермен де түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Десек те, ауылда басқа жақтан киіз үй әкеліп, той жасайтындар жоқ емес. Аудандағы эпидемиологиялық жағдайды бақылауға алып отырған екі мониторингтік топ көмегімен 22 жағдайға байланысты 916 740 мың теңгеге айыппұл салынған.

"Заманауи технологиялар көмек болып тұр. Дрондар арқылы тек той-томалақты ғана емес, шекера бекеттері де бақылауға алынды. Халықпен тығыз байланыс орнаттық. Қазір дамыған заманда тұрғындардың бәрі WhatsApp желісіне қосылған.

Округ әкімдеріне ауыл тұрғындарын бір чатқа кіргізу туралы айтылды. Мен өзім қазір әр ауылдың чатында отырмын. Облыстан, ауданнан хабарланған барлық ақпаратты дер кезінде жеткіземіз. Өзім қазір 35 чатта отырамын. Қаза болған үйге имам табу секілді, ұйымдастыру жағынан барынша көмек көрсетіледі.

Қаза болған адамдардың садақасы болатын күнді алдын ала біліп, сақтық шараларды жасап отырмыз", - дейді Қобда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабылов.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, пандемияға байланысты аудандық бюджеттен 20 млн теңге қаржы бөлінген. "Жұмыспен қамту жол картасы 2020" бағдарламасы арқылы аудандағы 60 орындық инфекциялық ауруханаға жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде карантинге қарамастан Семейдегі мейрамханалардың бірінде өткен дүбірлі тойдың видеосы пайда болды. Кадрларда белгілі спортшылар бой көрсеткен.

Көп ұзамай карантинде тойға барып, көзге түскен танымал қазақстандық спортшы, Семейдегі колледж директоры Айбек Нұғымаров тәртіптік жауапкершілікке тартылатыны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884339-aktbede-auyldagy-tojdy-toktatu-sin-kimdik-dron-satyp-aldy/

pixel