RU

Атырау облысы әкімдігі екі жол талғамайтын көлікті 20 млн теңгеге сатып алмақ

Көліктер
Көрнекі фото: piqsels.com

Мемлекеттік сатып алу сайтында Атырау облысы әкімдігінің екі автокөлік сатып алатыны туралы хабарландыру жарияланды. Жалпы сомасы шамамен 20 миллион теңгені құрайды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сайтта жарияланған хабарландыруда сатып алуды ұйымдастырушы Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Болат Ысқақов екені көрсетілген.

Талаптарға сәйкес, бұл автоматты беріліс қорабы және қозғалтқышының көлемі 3000 текше метрден аспайтын екі жол талғамайтын көлік болуы керек. Олардың әрқайсысының құны 9 миллион теңгеден асады, сатып алудың жалпы сомасы 19 696 429 теңгені құрайды.

Скриншот
Скриншот: goszakup.gov.kz

Конкурс бір күн бұрын өткізілген екен, ал жеңімпаздар туралы ақпарат жоқ.

Еске салсақ, Солтүстік Қазақстан облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыс әкімі аппаратының қызметкеріне қатысты пара алу ісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған болатын. Лауазымды тұлға тиісті шарттары бұрын орындалып қойған мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқаны үшін мердігер ұйым директорынан ақшалай пара алу күдігіне ілінді.

Айта кеткен жөн, Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысы және оның сыбайласы Орал қаласы полиция бөлімшесінің уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Ол сыбайласымен бірге медициналық жабдықтарды қабылдау актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін 7,8 миллион теңге пара алған.

Оған қоса, елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында LRT құрылысына қатысты сот отырысы басталғаны туралы жазған едік. "Астана LRT" ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан болса, техникалық-экономикалық негіздеменің шығындарын артық көрсетіп, мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізіп отырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884380-atyrau-oblysy-kimdigi-eki-zol-talgamajtyn-klikti-20-mln-tegege-satyp-almak/