Күтетін уақыт жоқ: Қостанайда қалыңдық "ЦОН"-ға той көйлегін киіп келді (фото)
Опубликовано:

Қостанайда қалыңдық ХҚКО-ға той көйлегін киіп келген деп хабарлайды NewTimes.kz басылымы.
"Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" АҚ басқарушы директоры Мұрат Жұманбай Қостанай облысындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында түсірілген суретті бөлісті. Фотодан қалыңдықтың той көйлегімен құжатқа суретке түсіп жатқанын аңғаруға болады.
Жастар АХАТ-та неке тіркегеннен кейін бірден ХҚКО-ға келген. Мұрат Жұманбайдың сөзінше, жас жұбайлар қалыңдықтың тегін ауыстыруды шешкен және той киімімен жаңа құжатқа өтініш тастауға келген. Суретте қыз куәлікке той көйлегімен суретке түсіп отыр.

"Жаңа дәстүр - АХАТ-тан ХҚКО-ға. Егор мен Наталья АХАТ-та некелерін қия салысымен, жас күйеу жігіт әйелін жаңа тек алуға ХҚКО-ға алып келді",- деді Мұрат Жұманбай.
Айта кетейік, осыған дейін Алматыда Жетісу ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында жүкті әйелдің кенеттен толғағы басталғанын хабарлаған едік. Келіншекті орталық қызметкерлері босандырып алған.
Осы тұста "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының өкілі Мұрат Жұманбай барлық қажетті қызметтерді ғаламтор арқылы алуға мүмкіндік барын, ол үшін ХҚКО филиалдарына барудың қажеті жоқ екенін де айта кеткен болатын. Бұл тез, ыңғайлы және ең бастысы қауіпсіз, қызметтерді қашықтан алу коронавирус инфекциясының таралу қаупін едәуір азайтуға мүмкіндік береді деген еді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884522-ktetin-uakyt-zok-kostanajda-kalydyk-con-ga-toj-kjlegin-kiip-keldi-foto/