Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әйгілі Amazon-да қызмет ететін қазақ қызы туралы не білеміз

Опубликовано:

Дара Парижде
Фото: instagram.com/_okdara_

Оқыған, талантты қазақ жастарының шетел асып, әлемнің алпауыт компанияларында табысты қызмет ететіні жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Бүгін әйгілі Amazon компаниясында жұмыс істейтін алматылық Дара Түменбаева туралы сөз болмақ. KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұқбатында жас маман халықаралық компаниядағы қызметі, жетістіктері, Қазақстандағы сексизм, IT мамандардың шетелге кетуі туралы ойын ашық айтты.

Дараның дара жолы

Дара Түменбаева 25 жаста. Алматыда туып өсті. Мектеп бітірген соң еліміздегі Халықаралық IT университетіне оқуға түсті. Бір жыл шамасында «Математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығын оқыған соң, өзіне программалау, есептеу техникасы, ақпараттық қамтамасыз ету саласы жақын екенін түсінген. Кейін ата-анасынан рұқсат алып, оқуын Малайзияда осы мамандық бойынша жалғастырды. Оқумен қатар бірнеше жобамен айналысты.

Аmazon Дараны қалай тапты?

Дара Түменбаева дүниежүзі бойынша 50 мыңнан аса қызметкері бар әйгілі компанияға қалай орналасқанын айтып берді.

«2019 жылы қыркүйекте Linkedin порталындағы жеке профайлыма рекрутер компаниясының өкілі хабарласып, жұмысқа шақырды. Amazon-ға жұмысқа орналасу үшін дайындыққа сегіз ай уақыт жұмсадым. Екі-үш ай сұқбаттасудан өттім. Сынақтардан сүрінбей өтуге IT саласындағы біліміммен қатар іс-тәжірибем де көмектесті. Университетте оқи жүріп, компьютер және программалау (hardware, software) жұмыстарымен айналысқан едім. Сабақ пен жұмысты қатар алып жүргенім өзіме пайдалы болыпты. Сондай-ақ, көптеген халықаралық конференцияларға спикер, ментор ретінде қатыстым. Сегіз айдың ішінде программалауға байланысты есептерді шығардым. Жанымдағы достарым, таныстарымның көп көмегі тиді, олар менімен кері байланыс жасап, нәтижелерімді тексеріп көруге мүмкіндік берді», - дейді Дара.

Қазіргі жұмысы туралы

Жас маман Amazon-дағы қызметі мен өзі айналысып жүрген жобаларын сөз етті.

«Қазір мен Amazon-да Kindle-мен, Android және iOS операциялық жүйелерімен айналысамын. Болашақта Amazon-да авторлық парақшалар пайда болады, солармен тікелей жұмыс жасаймын. Веб-сайт құрастыру - менің негізгі бағытым. Ал жеке өзімде үш стартап жоба бар: «30 кездесу» атты қосымша, екіншісі - медицина саласында лор дәрігерлерге арналған қосымша, үшіншісі мансап бойынша өсуге көмек беретін онлайн-мектеп,- дейді халықаралық компанияда қызмет ететін қазақ қызы.

Миллиондаған инвестиция, ата-ананың тәрбиесі мен маңдай тері

Дара бүгінгі дәрежеге жетуіне ата-анасының еңбегі орасан екенін атап өтті.

«Шыны керек, бүгінгі мен - ол миллиондаған инвестиция. Сол инвестицияны қайтару үшін әлі де көп жұмыс жасаймын. Өйткені кішкентай кезімнен мені ата-анам қолдады, қабілетіме қарай бағыт бере алды. Менде басқа балаларға қарағанда бос уақыт аз болды. Күнім спорт секциялары мен үйірмелерде өтті. Ата-анам 6-7 жасымыздан бастап сіңілім екеумізді сурет салу үйірмесіне, жүзу, карате, математика, физикадан қосымша сабақтарға берді. Ата-анамыз алдымен бізден не қалайтынымызды сұрады, мәжбүрлеген жоқ.

Олардың бойыма сіңірген принциптері – бастаған істі соңына жеткізу, айналаға зияныңды тигізбеу, адамдарды құрметтеу.

Менің анам – дәрігер. Ол кісі тәулігіне 12 сағат жұмыс істейді. Жұмыс барысында қандай да бір проблемаға тап келсем, бірден анам есіме түседі. Сол үшін жұмысымды адал атқаруға тырысамын», - дейді ол.

IT маман және Қазақстан

Дара Түменбаева неліктен шетелде жұмыс істеу өзіне тиімді екенін түсіндіріп берді.

«Қазақстанда IT мамандарға жұмыс істеуге лайықты инфраструктура жоқ. Бізде уәде етеді, бірақ істелінбейді. Инфрақұрылым дегеніміз қарапайым нәрселер: компьютерлер, курстар, адамдар, орта. Елімізде мықты программистер аз, көпшілігі шетте жүр.

Тағы бір себебі бізде IT маманға ауадай қажет ресурстар жабық.

Үшіншіден, шынымды айтсам, елде жалақы аз, ал менің жоспарым өте көп. Ақша, инвестиция дамыған елдерде.

Төртіншіден, Қазақстанда сексизм басым. «IT саласында қыздарға не жорық?» деген қоғамдық пікір маған кедергі келтіреді. Тағы бір айтатыным, еуропалықтар әйелдермен қатар ер кісілердің декреттік демалысқа шығуын әбестік деп санамайды. Онда жұрттың сен туралы не ойлайтыны екінші орында. Ал бізде керісінше, ұят саналады», - дейді маман.

Дара Түменбаева - өз ісінің фанаты

Ол өзіне ұнайтын істі 19 жасында тауыпты.

«Басында көп нәрсеге қызықтым. Дәрігер боламын, архитектор боламын, тіпті қаржы министрі боламын деп ойладым.

Ақырында IT саласын таңдадым, өйткені инновация, технологияға бала кезімнен қызықтым. Оқушы кезде физика, математика, биология, химия, информатика сабақтары ұнайтын.

Мамандығымды жақсы көретін себебім - сен үнемі дамып, жетіліп отырасың. Бірнәрсені қайта-қайта істемейсің. Мысалы, бір жыл өтті, бір жылдан кейін саған басқа технологияны меңгеру керек. Ал менеджментті алып қарастырсақ, сол саламен өмір бойы айналыса бересің, аса жаңа нәрселерді меңгермейсің», - дейді Дара Түменбаева.

Дара және спорт

Дара Amazon-дағы жұмыс күнінің оңай еместігін алға тартады. Айтуынша, оған стресстік жағдайдан шығуға спорт көмектеседі.

«13-14 жасыма дейін жүзу, шаңғы спорты, мәнерлеп сырғанау спортында өзімді сынадым. Бірақ каратеге жететіні жоқ, оның астарында философия жатыр. Спорт стресстік ситуациядан шығуға бірден-бір сеп. Адам болған соң ашуланамыз, сондайда ашуымды басуға джиу-джитсу жақсы көмектеседі. Спорт залдан шыққанда мен ерекше қуат алып, айналама махаббатпен қарай аламын. Спорттың пайдасы көп. Әйтпесе мынандай күн тәртібімен жұмыс істей алмаушы едім», - дейді бойжеткен.

Айта кетейік, Amazon - халықаралық электрондық саудамен айналысатын компания. Бұл - әлемнің ең ірі онлайн бөлшектеп сату алаңы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884901-jgili-amazon-da-kyzmet-etetin-kazak-kyzy-turaly-ne-bilemiz/

pixel