Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Малшының баласы": Ақтөбелік әкім бюджеттен бір тиын алмай ауылды көркейтудің жолын айтты

Опубликовано:

Ақтөбелік әкім
Фото: NUR.KZ

Ақтөбеде бірнеше жыл бойына қылмыс тіркелмеген, үйленген жастары ажыраспайтын бақ қонған ауыл бар. Келіндері сәлем ету үшін ауыл үлкендерін бір шақырым жерден күтіп, алдынан кесіп өтпейді. Тұрғындарының дені бір атаның ұрпақтары саналатын ауылда жұмыссыз жүрген адам жоқ. Талдысайлықтар үйінің де, көліктің де есігіне құлып салмайды. Ауылда ұрлық жоқ.

Ақтөбе облысының орталығынан 160 шақырым жердегі Талдысай ауылынан KAZ.NUR.KZ порталы арнайы репортаж ұсынады.

"Біз Шүрен атаның ұрпақтары тұратын ауылмыз. Бәрі де бір атаның балалары. Көшіп келген адам жоқ. Тек келіндер ғана сырттан келеді", - дейді алдымыздан шыққан ауыл ақсақалы.

Талдысай
Фото: NUR.KZ

Костюм кимейтін әкім

34 жастағы Қазбек Аққайыр 2018 жылдан бері 1000-ға жуық тұрғыны бар Талдысай ауылының әкімі. Шенеунік байдың баласы емес. Әкесі өмір бойына малшы, шешесі мектептің отын жаққан қарапайым отбасында тәрбиеленген. Талдысайлықтар елдегі бақ-берекені ауыл әкімімен байланыстырады. Ауылдың қай тұрғынын әңгімеге тартсаңыз да, әкімнің еңбекқорлығын, істеген жұмысын тізбектей жөнеледі.

"Ауыл азып, халық көше бастаған кезде осы бала әкім болды. Шаруашылықтарды жұмылдырып, әр жерде үйінді болып жатқан қоқысты тазартты. Оны костюммен тек жиналыста ғана көреміз. Үнемі қолғабын киіп, күрегін сүйреп, қай шаруаның да басында жүреді",- дейді ауыл тұрғыны Ғалия Қуанғалиқызы.

Талдысай
Фото: NUR.KZ

Бата алып өскен ұл мен қыз

Ауыл ақсақалдары бірнеше жыл бойына қылмыстың тіркелмеуін салт-дәстүрді берік ұстанатындарымен байланыстырады.

"Түсінген адамға салтымыздың өзі тұнып тұрған тәртіп, қолға су құюдың өзі тәрбие. Бата алып өскен баланың санасы таза болады. Бізде біреудің "баласының шаңырағы шайқалыпты" деген әңгіме жоқ. Жиналған жерде ақылымызды айтып отырамыз. Келіндеріміз көшеде көрсе, бір шақырым жерде күтіп тұрып, алдымыздан кесіп өтпейді. Қыз бала болсын, келін болсын, үлкеннің алдынан көлденең жүрген емес. Мектепті алтын белгімен бітірген балаларымыз да аз емес. Ауыл балаларының көбі білдей жоғары оқу орындарында грантпен оқиды",-дейді ауыл ақсақалы Сәдуақас Жұмағалиев.

Талдысай
Фото: NUR.KZ

Ауылда өсіп келе жатқан қыз бен жаңа түскен келінге жол сітейтін аналар қауымдастығы да бар. Ал ауыл балалары 9-10 жасқа толғаннан бастап, тайға отырады. Көктем шыға ауыл айналасы тайға мініп, асыр салған балаға толады.

Бюджеттен бір тиын алмай көркейген ауыл

Жас әкім бюджеттен бір тиын сұрамай, ел еңсесін көтеріп, ауылды қалай көркейтті? Ауылға тартылған интернет үшін де бюджет қаржысы жұмсалмаған.

"Ауыл құлдырап, алдымызға мақсат қоя алмай, көше бастаған кезде әкіміміз бұл жерге жан бітірді. Түлектердің көмегімен мәдениет үйінің алдына саябақ салып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткішін жөндетті. Барлық көшенің атауын жазып, орталыққа уақыт көрсетіп тұратын сағат та ілді. Бет бұрысы жақсы, жаңашыл. Әкімге тағы бір риза болғанымыз, пандемия кезінде ауыл тұрғындарын қайырымдылық жасауға шақырды. "Көктемнің уақыты, бәріміздің аузымыз аққа тиіп жатыр, көмектесейік" деп әрқайсымыздан үй тағамдарын алып, аудан орталығында тұратын көпбалалы отбасыларға таратты. Себебі біздің ауылда мұқтаж отбасы жоқ", - дейді ауыл тұрғыны Гүлжан Тұрмұханбетова.

Талдысай
Фото: NUR.KZ

Шағын ауыл тап-тұйнақтай. Мектебі, балабақшасы, мәдениет үйі бар. Қай-қайсысы да қаңырап тұрған жоқ. 200 орындық мәдениет үйінде ауылдың кітапханасы, балалардың түрлі үйірмесі жұмыс жасап тұр. Кіре берістегі биллярд залында ауыл тұрғындары белгіленген уақытпен ойнай алады. Бәрі де тегін. Шахмат үстелі де ауыл азаматтарының көңілін аулап тұр. Мәдениет үйінің екінші қабатында күрес залы бар. Мектептің барлық баласы күреске қатысады. Көше жарықтанған. Демеушілермен Абай көшесіне ескерткіш тақта да орнатқан.

"Әкім мәдениет үйінің сахнасына дейін демеушілердің көмегімен жаңартып, қабырғаны ұлттық нақышта безендіріп берді",- дейді Талдысай мәдениет үйінің басшысы Гүлмира Қалиева.

Талдысай
Фото: NUR.KZ

"Анамның етігін киіп өстім"

Ауылдастары мақтауын асырған жас әкіммен де әңгімелесудің сәті түсті.

"Өмір бойына жылқы баққан малшының баласымын. Өзім де 10-сыныпқа дейін әкемнің қасында жүріп мал бақтым. Анам мектептің отын жақты. Анамның ұзын қонышты етігін киіп өстім. Ағам, апам, қарындасым, бәріміз де грантқа оқуға түсіп, Алматыда білім алдық. Оқу бітіріп келгеннен кейін "Сізді бағатын жұмыс табармын" деп шешемді жұмыстан шығарып алдым. Себебі қыста шешемнің қолдары от жаққаннан жарылып, тілініп кетеді. Сәті келіп, мұнай компаниясына қарапайым жұмысшы болып қабылдандым. Қытайлар жұмыс істесең көтереді. Үлкен лауазымды қызметке дейін көтерді", - дейді Талдысай ауылының әкімі Қазбек Аққайыр.

Талдысай
Фото: NUR.KZ

Бұрынғы мұнайшы ауылын көтеру үшін жалақысы төрт есе аз мемлекеттік қызметке келген.

"Совхоздан кейін ауылда құлап тұрған шағын көпірлер болды. Әкім болған күннің ертеңіне осы көпірлерді жөндеуге кірістім. Себебі оған қаражат керек емес. Трубаларды ауылдан да табуға болады. Өндістен келгеннен кейін бізге ондай жұмыстар жеңіл. 2018 жылы Beeline компаниясында істейтін таныстарым арқылы басшыларына бірнеше рет шығып, ауылға интернет қондырдық. Ауылға интернет тартуға бюджеттен ақша кеткен жоқ. Ауыл адамдары ұйымшыл "жабылып істеп тастайық" десең бәрі де шығады. Ауылдастарыма мемлекеттік бағдарламасымен несие алуға көмектесемін. Себебі ауылдағы адамға бір папка құжат жинау қиын",- дейді ол.

Талдысай
Фото: NUR.KZ

Бүгінде талдысайлықтар Еңбек бағдарламасымен жұмыс істеп отырған үздік ауыл. 2018 жылы 6 адам 11 млн 700 мың теңгеге несие алса, 2019 жылы 9 адам 51 млн 950 мың теңге, 2020 жылы 8 адам 20 млн 900 мың теңге несие алып, шаруашылығын дөңгелетіп отыр.

Ауылдың құлпы – есікке аяқ киім тіреу. Үйде адамның жоқтығын есік алдындағы аяқ киімнен байқауға болады.

Талдысай
Фото: NUR.KZ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885428-malsyny-balasymyn-aktbelik-kim-budzetten-bir-tiyn-almaj-auyldy-krkejtudi-zolyn-ajtty-foto/

pixel