RU

Қазақстанда бір тәулікте коронавирус пен пневмониядан қанша адам көз жұмды

Палатадағы төсек-орын
Көрнекі фото: Antonio Masiello/Getty Images

Өткен тәулікте елімізде коронавирус салдарынан жеті адам қайтыс болған. Ал пневмониядан көз жұмғандар жоқ деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің Telegram арнасы.

Соңғы 24 сағатта Қазақстанда пневмониямен ауырудың 44 жағдайы тіркелген. Дерттің асқынуынан көз жұмғандар жоқ.

Жалпы ел бойынша 1 тамыздан бері 41 203 ауру жұқтыруы жағдайы және 427 өлім дерегі тіркелген.

Ал өткен тәулікте коронавирус жұқтырған 716 адамның тіркелгені хабарланды. Сонымен қатар жеті науқас вирустың құрбанына айналған.

Пандемия басталғалы бері Қазақстанда 129 182 адамнан коронавирус табылып, аурудан жалпы 1990 адам қайтыс болды.

Еске сала кетсек, АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамптың жеңіліс табатынын болжаған Николас Ауджула пандемияның қашан аяқталуы мүмкін екенін айтты.

"Жаңа жылдан кейін ол бірқалыпты болады және ауру жұқтыру деңгейі 2021 жылдың көктеміне қарай бақыланатын деңгейге дейін түседі деп болжаймын", - деді Николас Ауджула.

Сонымен бірге ол коронавирус және оған байланысты карантиндік шектеулер 2022 жылға дейін созылуы мүмкін деген ойымен бөлісті.

Айта кетсек, бұған дейін Билл Гейтс коронавирус пандемиясының қашан аяқталуы мүмкін екенін жария еткен еді.

"Егер біз проблемаға әлемдік масштабта келетін болсақ, онда 2021 жылда вирус жұқтыру көрсеткішін төмендете аламыз", - деді ол.

Сондай-ақ бүгін америкалық кәсіпкер әрі Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс адамзат баласын болашақта жаңа пандемия күтіп тұр деген мәлімдеме жасағаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885909-kazakstanda-bir-tulikte-koronavirus-pen-pnevmoniadan-kansa-adam-kz-zmdy/