"Өлім-жітім көп болады": Белгілі дәрігер жаңа эпидемияға дайындалу керектігін айтты
Жарияланған күні:
Белгілі ресейлік дәрігер әрі тележүргізуші Александр Мясников өлім-жітім көп болатын індетке алдын ала дайындалу қажет екенін айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы медицина маманы өзінің Telegram арнасындағы парақшасында жазды.
Мясниковтың айтуынша, өлім-жітім деңгейі жоғары ауыр індеттердің алдын алу үшін тиімді қорғаныс шараларын әзірлеу қажет. Ал COVID-19 ондай инфекция түріне жатпайды, дейді ол.
"Мысалы, тұмауға қарсы "әмбебап" вакцина қажет, "құс" немесе "шошқа" тұмауы күндердің бір күні тарап кетуі ықтимал. Вирусологтардың сөзінше, ауыр індет мутацияға ұшырап жатыр. Алғашқысы – жануардан адамға, екіншісі адамдан адамға жұғады", - деді білікті маман.
Ресейлік дәрігер Қытайда бұл екі мутацияның алғашқысы үнемі тіркеліп отыратынын жеткізді. Оның пікірінше, коронавирус адамдардың індетке дайын емес екенін көрсеткен.
"Біз қазіргі уақытта вакцинаны жасау үшін қанша уақыт қажет екендігін көріп отырмыз. Оған бүкіл әлем ғалымдары бар күшін салып жатыр. Егер вирус 35-40 пайыз өлім алып келетін болса, мұндай вакцина пайда болғанша ондаған миллион адам қаза табажы", - деп түсіндірді Мясников.
Медицина маманы қазір барлық ғалымдардың күшін дәл осы әмбебап вакцина жасауға жұмылдыру қажет екенін тілге тиек етті. Ол зерттеушілерді кез келген қажетті құралмен қамтамасыз ету керек деп санайды.
Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда COVID-19 жұқтырған бір пациентті емдеуге қанша ақша жұмсалатынын мәлім еткен болатын.
Сондай-ақ коронавирус инфекциясына қарсы тағы бір отандық вакцина клиникаға дейінгі зерттеулерден өткенін хабарлаған едік.
QazCoVac-P деп аталатын отандық вакцина келесі кезеңде ерікті адамдарға егіліп, сынама жүргізу басталмақ.
Жаңа вакцина суббірлікті препараттар тобына жатады. Мұның ерекшелігі – құрамында ауруды қоздырғыштар жоқ. Бұл оның қауіпсіздігін арттыра түседі. Сүттің қоюлығындай вакцина ағзаға бұлшықет арқылы егіледі.
Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус дертіне қарсы қазақстандық төрт вакцинаны тіркеп отыр. Олар әзірге жалпы қолданысқа үміткерлер қатарында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887164-lim-zitim-kp-bolady-belgili-driger-zaa-epidemiaga-dajyndalu-kerektigin-ajtty/