Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда медициналық мекеменің алдына жиналған мұғалімдер видеоға түсіп қалды

Опубликовано:

Кезекке тұрған мұғалімдер
Видеодағы кадр: instagram.com/qazaqstan_eli

Желіде Алматыдағы медициналық мекеменің алдына жиналған бір топ мұғалімнің видеосы тарады. Видеоның сипаттамасында мұғалімдер қайта аттестаттаудан өту үшін ПТР тест тапсыру қажет екені айтылған. Аталмыш видеоға қатысты Алматы қаласының білім басқармасы пікір білдірді.

Видео Instagram-дағы qazaqstan_eli парақшасында жарияланған. Видеоны мұғалімдердің бірі түсірген көрінеді.

"Міне, осынша халық жиналды, күтіп тұрмыз. Бәріміз ертерек келдік, әрине, сол себепті жиналғандардың шеті көрінбейді", – дейді кадр сыртындағы дауыс.

Желідегі жазбаға сәйкес, Алматыдағы барлық мұғалімдер аттестаттаудан қайта өтуге міндеттелген, ол үшін COVID-19 тестін тапсыру қажет екен.

Ал видеоны көрген желі қолданушылары карантин кезінде биліктің өзі халықтың жиналуына түрткі болып жатқанын, мұндай кезде коронвирусты оңай жұқтырып алуға болатынын айтып, наразылығын білдірді.

Алматы қаласы әкімдігінің білім басқармасы аталмыш видеоға қатысты пікір берді.

"Алматы қаласының мұғалімдерін коронавирусты анықтауға арналған ПТР тестін мәжбүрлі түрде тапсырту туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Өздеріңіз білетіндей, оқу жылының басында карантинге қатысты шектеулер мен емханалардың жұмыс тәртібін ескере отырып, білім және ғылым министрлігі мұғалімдерге оқу жылының барысында медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік беретін бұйрыққа қол қойды.

Ұлттық біліктілік тестілеуіне қатысу үшін медициналық тексерудер өту, оның ішінде ПТР тестін тапсыру талап етілмейді", – дейді Алматы қаласы әкімдігінің білім басқармасы.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполисте қатаң локдаун енгізіледі деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтқан еді.

Сонымен қатар қаланың бас санитар дәрігерінің орынбасары Сәдуақас Байғабылов желтоқсан айында шаһардағы қоғамдық тамақтану орындарын жабу мәселесі қарастырылып жатпағанын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887717-almatyda-medicinalyk-mekemeni-aldyna-zinalgan-mgalimder-videoga-tsip-kaldy/

pixel