"Головкинмен ұштым": Стюардесса болып қызмет ететін атыраулық ару жұмысы туралы айтты
Жарияланған күні:
Қызметі бұлттардың арасында, өмірі жер-көкті шарлаумен өтетін әуе бортсеріктерінің жұмысын көпшілік романтикаға толы, қызығы көп деп ойлайтыны рас. Екінің бірі таңдай бермейтін осынау мамандықтың құпиясы туралы атыраулық бойжеткен, стюардесса Динара Зұлхарнаева айтып берді деп жазады Ақ Жайық.
Динара Атыраудағы орта мектепті бітірген соң, Куала-Лумпур (Малайзия) қаласындағы университетте білімін жалғастырғанын, онда "бизнес-менеджмент" мамандығын алып шыққанын жеткізді.
Кейін "мұнайлы өлкеде" жұмыс істедім, дейді ару. Ол офисте отырып, жұмыс істеу ұнамағанын тілге тиек етіп, сюардесса болу туралы бала күнгі арманына қол жеткізуді мақсат еткен.
"Ауакомпанияның сайтына түйіндемемді жолдадым, бірнеше уақыттан кейін келесі кезеңге өткенімді хабарлады. Екінші кезеңде 100 үміткерді Алматы қаласына жинап, әңгімелесуден өткеннен кейін 10 адамды, соның ішінде, мені жұмысқа қабылдады", - деді Динара.
Атыраулық бойжеткен ата-анасы темір жол саласында қызмет еткенін, қазіргі уақытта жеке кәсіппен айналысатынын сөз етті.
Оның сөзінше, өзінен кейін екі сіңлісі бар.
"Кенжеміз биыл мектеп бітіреді. Ол да менің жұмысыма қызығып, авиация саласына ұшқыш мамандығына оқуға түсуге дайындалып жүр", - деді отандық әуекомпанияның қызметкері.
Осы орайда Динара әуе бортсерігі болу үшін алдымен қандай қасиет болу қажеттігін айтып берді.
"Ең алдымен Қазақстан Республикасының азаматы болуы шарт. Бойың 165 сантиметрден ұзын, қазақ, орыс, ағылшын тілінде сөйлей алуың және денсаулығыңа шағым болмау керек". - деді атыраулық ару.
Динара бортсерік болып қызмет еткеніне төрт жыл болғанын, осы уақыт ішінде талай қызықты оқиғаларды бастан өткергенін, көптеген елдерге барғанын жасырған жоқ.
Олардың қатарында Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Таиланд, Түркия, Молдавия, Мысыр сияқты елдер бар.
Атыраулық ару тіпті әлемдік жұлдыздармен бірге ұшқан кездер болғанын атап өтті.
"Әлемдік жұлдыздардан -Геннадий Головкинмен, Хабиб Нурмагамедовпен ұштым. Мұндай "жарық жұлдыздар" ұшақты түгел жалдап алып, тек өздері ұшады. Қазақстандық "жұлдыздар" басқа жолаушылармен бірге ұшады", - деді бортсерік.
Динара көпшіліктің стюардессаның еңбекақысына қызығатынын айтып, бұл туралы да өз ойын білдірді.
"Еңбекақы бортсеріктің санатына байланысты. Алдымен жұмысқа тұрғанда қатардағы бортсерік болып жұмыс жасаймыз, бір жылдан соң өзіңді жақсы жағынан көрсетсең, аға бортсерік боласың. Мен қазір аға бортсерікпін. Әр санат бойынша өз еңбекақысы болады. Одан бөлек, әуеде неше сағат ұшқаныңа байланысты қосымша ақы төленеді. Бірақ нақты сомасын айта алмаймын, бұл құпия", - деді атыраулық ару.
Сонымен қатар, Динара неше жасқа дейін стюардесса болып істеуге болатынын жеткізді.
"Біздің компанияда ондай шектеу жоқ. Дерреттік демалыстан кейін де тест тапсырып, жұмысты жалғастыра алады. Әрі қарай зейнеткерлік жасқа жеткенше жасай алады. Бірақ мен бұл туралы әзірге ойланбадым", - деді ол.
Еске сала кетсек, осыған дейін қазақ қызы Гүлнұр Нұркеева ҚХР халықаралық төрелік сотының судьясы болып тағайындалған болатын.
Сонымен қатар, Еуропа құрлығында кикбоксингтен өтетін жекпе-жектерде топ жарып, әлем чемпионатында ешкімге дес бермей жүрген қандасымыз туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889609-golovkinmen-stym-stuardessa-bolyp-kyzmet-etetin-atyraulyk-aru-zmysy-turaly-ajtty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.