Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде 25 желтоқсаннан бастап шектеу шаралары күшейтіледі

Опубликовано:

Көшедегі адамдар
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Үкімет басшысы Асқар Мамин Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысын өткізді. Оған сәйкес, елімізде 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін шектеу шаралары күшейтіледі деп хабарлайды премьер-министрдің ресми сайты.

ВАК-тың мәліметінше, Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуы бақыланатын деңгейде тұр.

COVID-19 инфекциясымен жаңадан сырқаттанғандардың тәуліктік өсімі 0,4%-ды, репродуктивтік көрсеткіші 0,9-ды құрайды. Инфекциялық төсек орындарының толымдылығы – 28%, реанимациялық төсек орындарының толымдылығы – 20%.

5 өңір жоғары және орташа тәуекел аймақтарында орналасқан, атап айтсақ: Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары.

Келесі жылғы қаңтар-ақпан айларында ЖРВИ мен тұмаудың өсуі аясында коронавирус инфекциясымен сырқаттану деңгейінің арту қаупі бар.

Осыған байланысты ВАК бірқатар шешім қабылдады:

  • 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салынады.
  • Эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін "Теңіз" кен орнында шектеу шаралары күшейтіледі.
  • Бөлшек сауда желісінде антиковидті дәрілік заттардың бағасын орта есеппен 24%-ға төмендету бойынша шаралар қабылдау.

Сонымен қатар білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында, Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша, сондай-ақ қоғамның пікірін ескере отырып, келесі шешімдер қабылданды: 

  • оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9, 11, 12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту (пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын – қашықтан) қарастырылсын;
  • оқу жылының III тоқсанынан бастап мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылсын;
  • II семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерін аралас оқыту қайта басталсын. 

Үкімет басшысы әкімдерге өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ахуалды тұрақтандыру мақсатында қажетті шектеу шараларын қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар әкімдерге қоғамдық орындар, мектептер мен балабақшаларға сапалы санитарлық өңдеу жүргізуді, сондай-ақ егу пункттерін вакцинациялауға дайындау қажеттігін айтты.

Ішкі істер министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мереке алдындағы және мереке күндері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Еске сала кетсек, бұған дейін премьер-министр президентке коронавирусқа қатысты елдегі ахуал туралы есеп берген еді.

Айта кетсек, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың жалпы саны 146 584-ке жетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890031-kazakstanda-25-zeltoksannan-bastap-karantin-ksejtiledi/

pixel