Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақтың рухын көтергім келді": Ақтөбелік дәрігер көк туды көтеріп, атқа қонды (видео)

Жарияланған күні:

Фото
Фото: Ербол Жұмабековтің жеке мұрағаты

Тәуелсіздіктің мәңгі баянды болуын тілеген ақтөбелік хирург Ербол Жұмабеков жерлестеріне ерекше құттықтау арнады. Қатерлі ісікке шалдыққандарға өмір сыйлап жүрген дәрігер көк байрақты көтеріп, атқа қонды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жұмабековтің айтуынша, жеке адамдарға ту ілуге рұқсат бергеннен кейін дәрігер өзіне ту сатып алған.

"Дәрігерлердің атынан қазақтың рухын көтергім келді. Біз Тәуелсіз ел екенімізді айтып қана қоймай, ішкі жан дүниемізбен сезінуіміз керек. Ол бір күндік мереке емес. Кешегі демалыста көк туымды ұстап, далалықта атпен шаптым. Аттың дүбірі мен көк тудың әдемілігін көрсетіп, жылқы мінездес қазаққа рух бергім келді. Қазақ рухын түсірмес үшін атқа мініп тұруы керек. Ол денсаулыққа да пайдалы. Оған уақыт табуға болады. Әр адам өз денсаулығына көңіл бөлуі тиіс", - дейді хирург.

Ербол Жұмабеков сегіз жылдан бері Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің онкологиялық ауруханасында дәрігер. Ол онкология, маммология, эндовидеохирургия бойынша ем жүргізеді. Адамның ішкі құрылысына, кеуде қуысына 1000-нан аса күрделі ота жасаған.

Маман қатерлі ісік ауруына шалдыққандар уайымға салынбаса, ғажайыптардың болатынын айтады.

"Дәрігер емделушінің сенімін оята алуы тиіс. Емнің нәтижелі болуы - пациенттің сізге деген сенімінде. Сенбеушілікті жою керек. Ауырып келген адамның көңіліде жүдеу болады. Жылылықты, сөйлескенді қалайды. Қазір адамдар арасында бір-бірімен қатынас азайып бара жатыр. Сенім – ем кезінде ғажайып нәтижеге қол жеткізудің төте жолы. Біздің ауруханада 1990 жылы және 1998 жылы қатерлі ісікке ота жасатқан емделушілер бар. Шауып жүр. Адам алдымен өзімен күресу керек. Мүмкін емес нәрсе жоқ", - дейді Ербол Жұмабеков.

Фото
Фото: Ербол Жұмабековтің жеке мұрағаты

Дәрігер "әр адам өз денсаулығын күтуге уақыт табу керек" деген кеңес береді.

"Қазір онкологиялық ісік дерті жүрек қан тамырлары ауруынан кейін екінші орында тұр. Байқағанымыздай, жас талғамайды. Бұл дертке шалдыққан науқастардың жасарып бара жатқаны алаңдатады. Егер дер кезінде ем жасалса, қатерлі ісік ауруын да жеңуге болады.

Ал алдын алу үшін адам саналы түрде салауатты өмір салтын ұстану керек. Ол – дене қозғалысы, дұрыс тамақтану, таза ауада серуендеу, бассейнге бару. Денсаулыққа немқұрайлы қарамау керек. Астындағы көлігіне күтім жасамасаң, жолда қалдырады. Сондықтан денсаулықты да күту керек", - дейді Ербол Жұмабеков.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890165-kazakty-ruhyn-ktergim-keldi-aktbelik-driger-kk-tudy-kterip-atpen-sapty/