Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шугаринг" жасап, кәсібін дөңгелетіп отырған бұрынғы мемқызметкер жайлы не білеміз

Опубликовано:

Фото
Фото: Жандостың жеке мұрағаты

Жандос есім ақтөбелік жігіт "шугаринг" жасаудың технологиясын меңгеріп, қыруар табыс тауып жүр. Еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастаған жас маман жақсы өмір сүру үшін жақсы ақша табудың жолын іздеген. Бүгінде өз кәсібінің шебері "адал еңбекпен тапқан табыстың ұяты жоқ" деп санайды. Бұл туралы ол KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

"Сұранысы бар кәсіпте адал еңбек етіп, ақша табуды ұят санамаймын. Ешкімнің пікіріне қарамай, өзіңе ұнайтын іспен шұғылданып, алдыға қойған мақсатқа қалай да жету керек. Қазір "шугаринг" жасауды жоғары деңгейде меңгердім, клиенттерім риза", - деп бастады әңгімесін Жандос.

Кейіпкеріміз Ақтөбе облысы Хромтау қаласының тумасы. 2019 жылы Қазақстандағы "шугаринг" технологтарының арасында өткен чемпионатта екінші орын алған.

"2015 жылы Хромтау қаласындағы салық бөлімінде жұмыс істедім. Үш жылдан аса уақыт мемлекеттік қызметкерлердің қатарында болдым. Сол кезден өзіме депиляция жасататынмын. Депиляция жасайтын қыздардың жақсы табыс тауып жүргенін көрдім. "Шугаринг" жасап, көлік алған қыздар болды. "Осы кәсіпті оқысам қалай болады?" деген қызығушылық пайда болды. Көріп тұрғандарыңыздай, ойым жүзеге асты. Алғашында "шугарингті" жергілікті шеберлерден үйрендім. Кейін ресейлік технологтардан білім алдым", - дейді ол.

Отыз жасқа енді толған маман кәсіби шеберлігін Алматы қаласында шыңдаған.

"Шугарингті" бастағанда Ақтөбе қаласында үш айдай жұмыс істедім. Сұраныс аз болған соң, Алматыға кетіп қалдым. Ол жақта жұмыс табу қиын болған жоқ. Ер адамдармен жұмыс жасадым. Әйел адамдармен жұмыс ойламаған жерден басталды. Алматыдағы салонда жұмыс істеп жүргенімде бір әйел адам маған жазылыпты.

Алғашында шошып, аздап қобалжыдым. Жаман болған жоқ. Бір күннен кейін ол қыздың құрбысы, құрбысының танысы дегендей клиенттер жазылып, қыздарға да қызмет көрсетіп кеттім. Содан кейін клиенттерімнің 80 пайызы әйел адамдар. Алматыда үш жыл жұмыс істедім. Кейін отбасы жағдайына байланысты Ақтөбеге, анамның қасына келдім", - дейді Жандос.

"Шугаринг" шебері шоу-бизнес өкілдерінің арасында жоғары сұранысқа ие болған.

"Шугарингке" негізінен ақшасы бар адамдар келеді. Алматыда "шугаринг" жасатуға 60 жастағы ер адамдар жиі келетін. "Шугаринг" – ең алдымен гигиена. Спортшылар, аспаздар үшін де керек. Клиенттерімнің арасында әнші, танымал тележүргізушілер де болды.

Болашақта ер адамдарға арналған салон ашқым келеді. Алматыда орта есеппен 400 мың теңге табыс таптым. Жаз мезгілінде 500 мыңнан аса табасың. Ақтөбе қаласында пандемияға байланысты әзірге ондай табыс жоқ. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 500 мыңға дейін көтерілсе ғана ол жерде жұмыс істеуге болады. Мына жақта бос уақытым да болады. Жалақы күтіп жүрмеймін", - дейді Жандос.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890568-zarty-million-tabamyn-aktbede-bryngy-memkyzmetker-sugaring-zasap-ksibin-dgeletip-otyr/

pixel