Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Коронавирустың жаңа штаммынан үрейленген британдықтар дүкен сөрелерін босатып тастады

Опубликовано:

Сөре
Фото: Хабар24

COVID-19-дың жаңа штаммы анықталғалы бері британ халқының мазасы кетіп, үрейі ұшқан. Қазір Ұлыбританиямен ондаған мемлекет арадағы көлік қатынасын тоқтатып, шекарасын жапқан. Енді тұрғындар елде "азық-түлік тапшылығы туа ма" деп алаңдайды. Сондықтан жергілікті жұрт жаппай дүкен жағалап, ішер асын түгендеудің қамымен жүр деп хабарлайды Хабар24.

Ұлыбританияда коронавирустың жаңа түрі пайда болғалы елдегі ахуал одан сайын нашарлап кеткен.

Себебі бір күнде 36 мың 800 адам инфекция жұқтырып, елде антирекорд орнаған.

Осыған байланысты билік өкілдері қосымша шектеу шараларын да жариялады. Ал дүрліккен жұрт жаппай дүкенге ағылған.

"Бұл вирус алдыңғысына қарағанда әлдеқайда жұқпалы. Сондықтан үрейі ұшқан халық дүкенге ағылып, ішер асын алдын ала қамдап алуға тырысып жатыр", - дейді жергілікті тұрғын Шарлотта. 

Коронавирустың жаңа түріне байланысты қазір әлем елдері Британиядан оқшауланып жатыр. Бүгінге дейін ондаған ел Біріккен Корольдікпен арадағы әуе сапарлары мен құрлықтағы көлік қатынасын тоқтатты.

Сапарды Еуропа ғана емес, Үндістан мен Ираннан бастап, Аргентина мен Чилиге дейін бірнеше мемлекет доғарған.

Түркия, Кувейт, Жапония шетелдік жолаушылар үшін шекарасын мүлде жапқан. Өйткені коронавирустың жаңа штаммы өз елдерінде тарап кете ме деп қауіптенеді.

"Жақында Ұлыбританияда вирустың жаңа түрі пайда болып, елдегі жағдай тез ушығып кетті. Біз аталған вирустың Жапонияда өршуіне жол бермес үшін нақты шаралар қабылдамаймыз. Атап айтсақ, азаматтар өздерін қауіпсіз сезінулері үшін Ұлыбританиядан келушілерге шекаралық шаралар күшейтіледі", - дейді Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Катсунобу Като. 

Жаңа штамм өзге елдерге де тарай бастаған. Мәселен, Бразилия. Мұндағы мамандар штамның Британиядан табылған түрімен қатты ұқсас екенін айтады. Соған қарамастан екі ел арасындағы әуе қатынасы тоқтаған жоқ.

Тек 30 желтоқсаннан бастап Ұлыбританиядан келетін жолаушылар коронавирустың теріс нәтижелі анықтамасын көрсетуге міндеттелмек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890677-koronavirusty-zaa-stammynan-rejlengen-britandyktar-dken-srelerin-bosatyp-tastady/

pixel